Жаңалықтар

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлімдеді
Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті
Фото: Штабтың баспасөз қызметі 03.11.2022 20:37 2082

ҚР Президенттігіне үміткерлер сайлаушылармен кездесті, деп хабарлайды El.kz.

 ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан үміткер Нұрлан Әуесбаев  бүгін Алматыға барды. Сапар аясында №176 мектеп-гимназиясында сайлаушылармен кездесті.

Іс-шара барысында Нұрлан Әуесбаев жиналған қауымды өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарымен таныстырды. Үміткер өз сөзінде Қазақстандағы экономикалық жағдайдың көңіл көншітпейтінін атап өтті. Инфляция мен баға өсімі, сонымен бірге ұлттық валюта бағамының әркез төмендеуі – қатардағы қазақстандықтардың қалтасына ауыр тиюде. Сол себепті де Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасының алғашқы тармағы саяси реформаларға арналған.

ЖСДП-дан үміткердің пікірінше, мұның алдын алу үшін «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласынан бас тартуымыз керек. Бұл формулада бірінші кезекте кәсіби, дағдарысқа қарсы үкіметті құратын бір палаталы парламент мықты болуы керек. Сонымен қатар Мәжілістің 50%-ы өздерін қолдаған халық алдында жауапты болатын өзін-өзі ұсынушылардан құралуы тиіс. Сол кезде ғана біраз дүние, оның ішінде білім беру саласындағы мәселелер шешіле бастайды.

Нұрлан Әуесбаевтың пайымдауынша, медицина секілді білім беру саласы да мемлекет тарапынан мықты қаржыландырылуы тиіс. Аталмыш саланың дамуына ЖІӨ-ден жылына 5-7% аралығында қаражат бөлу қажет.

ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбденнің Ақтөбе қаласындағы сайлауалды кездесулері жалғасуда.

Бүгін үміткер осы өңірдегі сайлауалды штабының өкілдерімен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстары бойынша жиын өткізді.

«Ақтөбе қаласындағы сайлауалды штабына сайлаушылар сауалдары мен ұсыныстарын белсенді жолдауда. Бұл қуантарлық жағдай. Сондай-ақ халықаралық сайлау байқаушылары жолдаған сұрақтармен де жұмыс жүргізілуде. Жалпы, ел өңірлерінде 20 штаб жұмыс істейді, 2000 жуық ерікті жұмылдырылған. Сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін үлкен аудандық орталықтарда да штабтар ашылған», - деп мәлімдеді Қ.Әбден.

Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды, Астана, Екібастұз, Семей, Павлодар, Талғар, Есік қалаларының тұрғындарымен сайлауалды жиындарды өткізді. Алдағы уақытта оның Қызылорда, Ұлытау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысы сайлаушыларымен кездесу өткізетіні мәлім.

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Панфилов ауданындағы «Ернар» шаруа қожалығына барып, кәсіпорын ұжымымен кездесті.

Қазіргі уақытта аталмыш өндіріс ошағы Головацкий ауылының тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына ауқымды үлес қосып отыр.

Өз кезегінде Жигули Дайрабаев кәсіпорынның заманауи технологияларды белсенді қолданатындығын ерекше атап өтті. Кандидаттың айтуынша, соңғы жылдары әлемде су ресурстарының ахуалы бойынша алаңдаушылық артып келеді. Халық саны ұлғайып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда. Бұл өз кезегінде суды пайдаланудың көлемін арттырып отыр.

«Біз жаңа технологиялар мен цифр­ландыру арқылы суды үнем­деуге көшуіміз керек. Су тап­шы­лығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Суарудың су үнемдеу технологияларын толық көлемде енгізу су шығынын азайтып, өнімділікті арттыра отырып, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді», – деді кандидат.

Бүгінде агросектор саласына жаңбырлатып суару әдісін енгізудің тиімділігі орасан. Әдісті қолдану кезінде тыңайтқыштар мен құнарлы заттар жоғалып кетпейді. Яғни, несібесін жерден табатын диқандар үшін өте қолайлы.

«Жаңбырлатып суару әдісі шөлді және шөлейтті жерлерді игілікке жаратып, бау-бақша егу, жылыжайлар салып, өнім алуға жақсы мүмкіндік береді. Елімізде әлемдік озық тәжірибелерді ауыл шаруашылығына енгізу жұмыстары жасалып жатыр. Бастысы біз осы жолды белсенді жалғастыруымыз тиіс. Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған субсидия көлемін ұлғайту және лизингтік компанияларға қолдау көрсетуіміз қажет», – деген пікірде Жигули Дайрабаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға