Жаңалықтар

Президент тағы бір министрге сөгіс жариялады

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев сөгіс алды
Президент тағы бір министрге сөгіс жариялады
Фото: gov.kz 14.07.2022 11:59 1367

Қасым-Жомарт  Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке киіктерді ату туралы асығыс шешім қабылдағаны үшін сөгіс жариялады, деп хабарлайды El.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің минералдық ресурстар деректерінің цифрлық банкін құру және киіктер популяциясын реттеу жөніндегі тиімсіз жұмысын сынға алды.

 – Үкімет бірнеше жылдан бері ашық геологиялық ақпараты бар минералдық ресурстар деректерінің цифрлық банкін құру туралы уәде беріп келеді. Қаржы бөлінді. Алайда, бұл маңызды міндет әлі орындалмады, сылтау көп. Бұл ретте, біліктілік жоқ па, әлде қасақана орындалмай отыр ма? Орындаушылар үшін түбі жақсылыққа апармайтынын ескертемін. Бұл, ең алдымен, тиісті министрлікке, сондай-ақ басқа да министрліктерге қатысты. Министрге сөгіс жариялаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінен киіктердің санын реттеу мәселесін ақылға салып шешуді талап етті.

– Киік – қазақ үшін киелі жануар. Табиғи ландшафттан 80 мың киікті жою, яғни ату ұсынылды. Мәселені шешудің басқа да жолдары бар емес пе? Мамандармен ақылдасыңыз. Бұл ақырғы шара болуға тиіс. Бәлкім, бұған да жүгінерміз. Бірақ, бұл амалсыз шара болуы керек екенін ескертемін. Осы мәселені кәсіби тұрғыдан қарастыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға