Жаңалықтар

Президент кубогы ақынға бұйырды

ХІХ халықаралық «Шабыт» фестивалі қалай өтті?
09.11.2016 05:47 4410

Кеше кешкілік елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында ХІХ халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегерлері марапатталды.

Президент кубогы ақынға бұйырды

Алты күнге созылған байқауда қазылар алқасы жеңімпаздарды 6 аталым бойынша іріктеді. Олар: «Бейнелеу өнері», «Хореография», «Халық музыкасы», «Үздік әдеби шығарма», «Классикалық музыка» және «Эстрадалық вокал».

 «Шабыттың» басты жүлдесі – Президент кубогы ақын, «Астана» радиосының редактор-жүргізушісі Ербол Алшынбайға берілді.

– Байқау биыл 19-рет өткізіліп отырса, мен бәйгеге үшінші рет қатысып тұрмын. Мұның алдында жүлдеге ілікпеген едім. Ал бүгін бас жүлдегер атандым. Алғашында мен байқауға өзімнің «Көлеңкесіз адам» атты поэмамды ұсынған едім. Алайда, ол көлемді шығарма болғандықтан, орнына «Құлан ауған» деген өлеңімді ұсындым. Бірінші кітабым 2013 жылы жарық көрген еді. Келесі кітабымды келесі жылы оқырманға ұсынам деп жоспарлап отырмын, – деді Ербол Алшынбай.

Президент кубогы ақынға бұйырды

 «Алтынай» би ансамблі

Биыл байқауға қатысуға 8 елден 600-ден астам өтініш келіп түскен. Олардың өнерін 16 елден келген 48 сарапшы бағалады.

ХІХ халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегерлері:

«Классикалық музыка» – Толғанай Дәулет;

«Бейнелеу өнері» – Асқар Нұрболат;

«Халық музыкасы» – Аятолла Тұрғанов;

«Эстрадалық вокал» – Қайсар Далайұлы;

«Үздік әдеби шығарма» – Ербол Алшынбай;

«Хореография» – «Алтынай» би ансамблі (Алматы облысы).

Президент кубогы ақынға бұйырды

«Эстрадалық вокал» аталымында жеңіске жеткен Қайсар Далайұлының сыйлығын ҚР Халық әртісі Лаки Кесоглу тапсырды

«Шабыттың» бас жүлдегерлеріне 300 мың теңге, бірінші орынға 250 мың теңге, екінші орынға 200 мың теңге, үшінші орынға 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді. Ал, Президент кубогын жеңіп алған ақын Ербол Алшынбайға 500 мың теңге бұйырды.



Жансая ТӨЛЕГЕН

Суреттерді түсірген   –  Марат Құрақов, kazpravda.kz

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға