Жаңалықтар

Президент Ашхабадта 5 елге ортақ үш мәселені көтерді

Президент ортақ теңіздің экологиялық мәселелері жөнінде айта келе, Каспий итбалықтарының мүшкіл халі туралы да айтты.
Президент Ашхабадта 5 елге ортақ үш мәселені көтерді
30.06.2022 00:48 1795

Ашхабадта өткен алтыншы Каспий саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде бес мемлекетке ортақ проблемаларды көтеріп, бірнеше маңызды ұсыныс айтты. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды EL.KZ.

Солардың негізгі үшеуін атап өтсек:

1) Логистика,
2) Азық-түлік қауіпсіздігі,
3) Экологиялық ахуал.

Біріншіден. Президент логистиканың үзілуі жағдайында өзара көлік қатынасы мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың орнықты дамуының маңызды факторына айналғанын атап өтті. Яғни, Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік қатынастар легін қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі айтарлықтай артты. Президент келтірген деректерге сәйкес, биылғы бес айда осы бағыттағы Қазақстанға тиесілі жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өскен екен. Ал Каспий маңы елдерімен арадағы жалпы тауар айналымы 9 пайыздан астам артқан. Президент өз сөзінде теңіз арқылы өтетін жүк легінің көлемін ұлғайту мақсатымен оның айлақтарындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кіріскенімізге тоқталды. Біз ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп, жедел шешуіміз керек деді. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік перспективті дәлізін одан әрі дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлуге, ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болатынын атап өтті.

Екіншіден. Мемлекет басшысы аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болды. Қазақстанның Әзербайжанмен арадағы тауар айналымы едәуір, яғни 2,3 есе, Иранмен және Түрікменстанмен 2 есе артқаны байқалады. Бұл жерде біздің жоғары сапалы бидай (шамамен 5 миллион тоннадан астам) мен ұн (1,5 миллион тоннаға жуық) экспортының үлесі зор. Осы ретте Президент 1 миллион тоннадан астам майлы дақылдар шығаруға қорымыз барын және ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыруға Қазақстанның әлеуеті мол екенін айтты. Біздің ұсынысымызға сәйкес мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынды. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, Президент Каспий теңізінің экожүйесін сақтау ықпалдастықтың басты бағыттарының бірі екеніне тоқталды. Каспий жағалауының экономикалық дамуы және миллиондаған тұрғындардың әл-ауқаты трансшекаралық суқоймасының табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты. Президент ұзындығы жөнінен Еуропада үшінші орында тұрған Жайық өзенінің жағдайын тағы көтерді. Жайықтың жағдайы – бүгінде қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселенің бірі. Өзен суы деңгейінің күрт төмендеуі, биоресурстардың азаюы және жағалаудағы өсімдіктердің деградацияға ұшырауы, сондай-ақ антропогендік ортаның ластануы байқалып отыр. Нәтижесінде соңғы жылдары өзеннің орташа жылдық ағысы үш есе азайып кеткен. Бұл уылдырық шашатын жайылма орындардың жағдайына және Каспий теңізінің бірегей балық ресурстарының көбеюіне кері әсер етіп жатқанын Мемлекет басшысы саммитте көтерді.

Президент ортақ теңіздің экологиялық мәселелері жөнінде айта келе, Каспий итбалықтарының мүшкіл халі туралы да айтты. Итбалықтардың қайта-қайта қырылуы үлкен қауіп төндіреді.

Каспий итбалығы – жергілікті фаунадағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Ол бүкіл теңіз аумағын мекен ететін трансшекаралық биоресурс саналады. Былтыр Қазақстан мен Ресей арасында Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі бірлескен іс-қимылдың бес жылдық жоспарына қол қойылды. Бұдан бөлек 1974 жылдан бері Каспийдің солтүстігінде Қазақстан мен Ресейге тиесілі қорық аймақтары бар.

Алайда Қызыл кітапқа енген итбалықты сақтау мақсатында қабылданған шаралар әлі де жеткіліксіз болып отыр. Бұл бағытта бірлесе атқаратын жұмыстар жетерлік.

Саммит қорытындысы бойынша Каспий маңы мемлекеттерінің өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдауға, өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, мәдени-гуманитарлық, ғылыми және өзге де байланыстарды дамытуға дайын екенін білдіретін арнайы коммюнике қабылдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға