Жаңалықтар

Президент Жолдауындағы тапсырмалар орындалды ма?

Президент Жолдауындағы тапсырмалар орындалды ма?
Фото: akorda.kz 16.03.2023 19:00 1060

Осыдан тура бір жыл бұрын 2022 жылдың 16 наурызында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бір жыл ішінде Президент тапсырмасы орындалды ма? Жаңа Қазақстанда қандай өзгерістер болды?

Бұл туралы El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің  профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Досалы Салқынбектің пікірін сұраған еді.

Мемлекет басшысының былтыр наурыз айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса назарға алынып, іске асырылуы тиіс шаралардың бірі - еліміздегі саяси жүйені реформалау еді. Соған сай Ата Заңымызға түзетулер енгізу жөнінде ұсыныс жасалды. Ол 2022 жылдың маусым айында халықтық референдум арқылы қабылданып, Ата Заңымыздың үштен біріне өзгеріс енгізілді. Қазір мемлекеттік құрылым осы өзгерістер бойынша жұмыс істеп жатыр. Заңға енгізілген өзгерістер нәтижесінде сайлау жүйесі жетілдіріліп, депутаттарды жасақтау ісі жаңартылды. 2023 жылдың 19 наурызында өтетін Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы жаңа жүйе бойынша өтеді, - деді академик.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының жаңа облыстар құру жөніндегі тапсырмасының орындалғанын айтты.

Президентіміз көтерген еліміздегі әкімшілік аумақтық құрылымына да ауқымды өзгерістер енгізілді. Былтыр Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылды. Менің ойымша, Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан өзге де тапсырмалары кезең-кезеңімен іске асады, - деді ол.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға