Жаңалықтар

Президент Жолдауында айтылған «Агросауат» орталығы қалай жұмыс істейді

Президент Жолдауында айтылған «Агросауат» орталығы қалай жұмыс істейді
Фото: «Қарызсыз қоғам» 02.09.2024 19:48 383

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды екенін айтты. Ол үшін әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу керегін, мұндай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында ашылғанын ерекше атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл сәуір айында партия бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында «Агросауат» агробіліктілік орталығы ашылған еді. Бұл қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының қисынды жалғасы болмақ. Онда несие төлеу мерзімін 90 күннен астам кешіктіргенде басымдық беріледі және оларға егін, құс және мал шаруашылығын жүргізуге қатысты теориялық-тәжірибелік курстар тегін оқытылады.

Оқу-әдістемелік орталықтың жалпы алаңы – 241 шаршы метр. Практикалық сабақтарға арналған 5 оқыту алаңы бар. Жалпы қаржыландыру көлемі – 15 600 000 теңге. Тамыз айында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова бұл орталыққа арнайы сапарлап келген болатын.

Қазіргі уақытта «Агросауат» оқу орталығында 130 адам оқу курсын сәтті аяқтаған. Борышкер тапқан табыстың 50 пайызы кешіккен несиені жабуға жұмсалады, 25 пайызы тауарлы несиені жабуға және қалған 25 пайызы – өзіне қалады.

Ең алдымен сарапшылар елдегі әрбір ауылдық округке скрининг жүргізіп, экономикалық перспективасына талдау жасап шықты. Скринингтің мақсаты – тауарлық массаны көбейту еді. Осылайша Меркі ауданында 8-9 бағытта тауар өндіріп, адамдардың табысын көбейту мүмкіндігі бары анықталды.

Қазір орталық заманауи технологияларды пайдалана отырып, мынадай бағыттар бойынша жеке қосалқы шаруашылық жүргізудің практикалық білімдерін оқытады:

 - ашық және жабық топырақта құлпынай мен таңқурай өсіру;

- Қазақстанда перспективалы және шығарылатын алма сорттарын өсіру;

- көшеттерді өсіру;

- қант қызылшасын өсіру;

- құс шаруашылығында бройлер өсіру;

 - астықты гидропоникалық жеммен алмастыру тәсілдері;

- ірі қара малды дұрыс бордақылау және бағу;

- нормативтік талаптармен мал бордақылау рационы.

Жаңа орталықта жидек өсіру, қант қызылшасын егу, жем-шөп, сүтті ірі қара, етті ірі қара, құс шаруашылығы секілді шаруашылықтар ашып, 150 адамды қарыз деңгейінен шығару мақсаты қойылған. Қара тізімнен шыққан тұрғындар әрі қарай мемлекеттің бизнесті қолдау бағдарламаларына, «Ауыл аманаты» бағдармасының 2,5 пайыздық несиесіне жүгіне алады.

Сонымен бірге, партия жанынан барлық жеке шаруа қожалықтарын біріктіретін Тұтынушы кооперативі құрылады. Тұтынушы кооперативінде құлпынай, таңқурай, қант қызылшасы, жем-шөп, сүт өнімдері, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы секілді әр бағытқа жеке-жеке кооперативтер құрылады. Осылайша, әр кооператив тыңдаушыларға сабақ өткізеді, керек-жарағын береді, қадағалайды және өндірген тауарын сатуға да көмектеседі.

Жоба қатысушылары өндірген өнімдерді сату және өңдеу мәселесі де жолға қойылған. Осылайша көршілес Т. Рысқұлов ауданындағы «Ауыл жасалған» тұтыну кооперативінің жемістер мен көкөністерді сақтау, жөндеу, қайта өңдеу, буып-түю цехы ашылған. Аталған цех мұздатылған балғын құлпынай, жеміс-жидек тосабы, жеміс-жидек джемі, көкөніс салаттары, көкөніс пасталары мен тұздықтар, жеміс-жидек шырындары және консервіленген көкөністер шығарады. Онда 7 адам жұмыс істейді және облыстың жеке шаруа қожалықтарынан күніне 2,5 тонна шикізат қабылдайды. Дайын өнімдер ірі және шағын маркеттер желісіне сатылады.

Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Биыл Президент тапсырмасымен еліміздің барлық 20 өңірінде, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықты қаржылық сауатқа жаппай оқыту ұйымдастырылды.

Жыл басында арнайы оқытылған 150 қаржы сарапшысы мен 20 білікті заңгердің пулы құрылды және бүгінгі күнге дейін 180 мыңға жуық адам жаңа білім алды.

Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін www.qogamfin.kz онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға