Президент Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясына қатысты
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті
Қазақстан Президенті ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясына қатысты, деп хабарлайды El.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Республикасының ұсынысы бойынша өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясына бейнебайланыс форматында қатысты.
Сонымен қатар саммитке Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась қатысты.
Сессия барысында ҰҚШҰ-ның Арменияға биыл 15 қыркүйекте жіберген Миссиясы жұмысының нәтижелері талқыланды.
Қазақстан Президенті жиында сөйлеген сөзінде жанжалды тек бейбіт жолмен және саяси-дипломатиялық тәсілдермен реттеу керек екенін атап өтті.
