Жаңалықтар

Президент Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады

Президент Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі 16.05.2023 13:07 1359

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен кеңес өтті. Жиында Ұлттық банктің 2022 жылы атқарған қызметі туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Іс-шараға Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылғы ақша-кредит саясатының жүзеге асырылу нәтижелері, қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ Ұлттық банктің алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор активтерінің жай-күйі жөнінде баяндалды.

Президентке өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканы долларлау көрсеткіші 31,6 пайызға азайғаны, екінші деңгейдегі банктердің экономикаға кредит бөлу көлемі 23,3 пайызға артып, 22,8 триллион теңгеге дейін жеткені, соның ішінде бизнеске берілген кредиттің 13,9 пайызға өсіп, 9,6 триллион теңгені құрағаны жөнінде мәлімет берілді. Жалпы экономикаға бөлінген кредит 2022 жылы 21,7 пайызға өсті. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша оның көлемі 28,9 триллион теңгені құрады. 

Мемлекет басшысының айтуынша, инфляция, макроэкономикалық және энергетикалық тұрақсыздық әлі де экономиканың негізгі түйткілдері ретінде сақталып отыр.

Халықаралық ұйымдар Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша жаһандық өсім 2021 жылғы 6,2 пайыздан 3,4 пайызға дейін айтарлықтай бәсеңдейтінін және баға қысымы күшейетінін болжап отыр. Мұның бәрі еліміздің экономикалық дамуына әсер етеді, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға анағұрлым үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізу қажет екенін білдіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Талқылау қорытындысы бойынша Президент жылдық есепті мақұлдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға