Жаңалықтар

Президент тапсырмасымен Балқашқа авиарейстер субсидияланады

Мемлекет басшысы қалаға қатынайтын жаңа әуе және теміржол маршруттарын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды
Президент тапсырмасымен Балқашқа авиарейстер субсидияланады
Фото: onmcdint.kz 05.10.2022 12:01 1019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесу барысында Балқаштың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырма берді, деп хабарлайды El.kz.

«Жаз маусымында Балқашқа қатынайтын әуе рейстерінің билеттерін субсидиялау мәселесін пысықтаған жөн. Қаланың әуе айлағы ел әуежайларын дамыту бағдарламасына енгізілуі керек», - деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қалаға қатынайтын жаңа әуе және теміржол маршруттарын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

«Осындай кешенді шаралардың арқасында ғана Балқаш ішкі туризмге, ал келешекте халықаралық туризм үшін тартымды орынға айналады.

Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп осы мәселелерді пысықтауды және қаланы дамытудың кешенді жоспары аясында тиісті іс шараларды көздеуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба жүзеге асырылып жатқанын еске салды.

«Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, осы жоба аясында басқа да шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алуы керек.

Экономиканы әртараптандыру ісінде Балқаш өзгелерге үлгі бола алады. Мұнда ірі өнеркәсіп орындарымен қатар туризм саласын өркендетуге зор мүмкіндік бар», - деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға