Жаңалықтар

Президент тапсырмасы: Ұлттық бизнес мүддесін қорғау қалай жүзеге асып жатыр?

Президент тапсырмасы: Ұлттық бизнес мүддесін қорғау қалай жүзеге асып жатыр?
Фото: © El.kz 16.10.2023 12:00 2420

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының алдағы кезеңдегі басым бағыттарын белгілеп берді. Соның ішінде ұлттық бизнестің мүддесін қорғау, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауды ерекше назарға алды. Президент назарға алған саланың жұмысы бүгінгі күні жүзеге асып жатыр ма? El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі шолып көрді.

Алдымен осы сауал бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарластық. Олардың берген мәліметі бойынша бірінші жартыжылдықта ұлттық палатаның қолдауымен шағын және орта бизнес субъектілері  11 миллиард теңгеден астам қаржыландыру алған.

Осы жылдың бірінші жартысында «Атамекен» ҰКП қолдауымен шағын және орта бизнестің 495 субъектісі ашылды. ШОБ субъектілеріне арналған 64 рұқсат құжат алынды, жалпы сомасы 11,3 миллиард теңгеге 674 жобаға қолдау көрсетілді. Жобалар аясында 831 жаңа жұмыс орны құрылды. Жеңген тендерлердің жалпы сомасы 355,7 миллион теңгені құрады, – деді «Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту және шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің басқарушы директоры Айдана Тоғызбаева.

Бүгінгі таңда 11,5 мыңға жуық ШОБ субъекті мен жеке тұлғалар үшін 98 мыңнан астам қызмет көрсетілген.

Палата «Мен кәсіпкер» құралын іске асырып жатыр. Оған әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы және «Кәсіпке бағыт» бағыттары (кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында біліктіктң арттыру және салалық оқу) кіреді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы консультациялар, кәсіптік және бизнес-оқуды ұйымдастыру, менторлық, қаржыландыруды тартуда оқыту, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы шеңберінде жергілікті шикізаттан өнімді ілгерілету және әзірлеу сияқты 7 қызмет түрін қамтиды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді құру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру. Барлық өңірде  «Бір ауыл – бір өнім» өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілету мәселелері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деп атап өтті Айдана Тоғызбаева.

Спикер өңірлерде мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, омарташылық, өсімдік шаруашылығы бойынша салалық оқу жүріп жатқанын айтты. Бағдарлама практикалық және теориялық оқудан тұратынын айтты. Сондай-ақ жеке консультацияларды қоса алғанда 3 ай  сүйемелдеу жүргізіледі.

Осы жылға ең кемі 800 ШОБ субъектісіне оқу курстарын жүргізу жоспарланған. Тамыз айының 1-індегі жағдай бойынша «Кәсіпке бағыт» құралы аясында 360 ШОБ субъекті оқып шықты. Сұранысы жоғары салалар бұл етті бағыттағы және сүтті бағыттағы ірі қара өсіру, жылыжай шаруашылығы, ара шаруашылығы, сүтті өңдеу, көкөніс шаруашылығы және бақша шаруашылығы, – деп қорытындылады спикер.

Бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде ШОБ субъектілері мен жеке тұлғаларға ақпараттық-консультациялық қызметтер кешенін тегін көрсетеді.

«Атамекен» ҰКП Ақтөбе облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, кәсіпкер Күлпаршын Айдарханова 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның елімізде қалай жүзеге асып жатқанына тоқталды.

Президент тапсырмасы: Ұлттық бизнес мүддесін қорғау қалай жүзеге асып жатыр?

Үкімет келтірген статистикаға сүйенсек, бұл ұлттық жоба аясында 48,8 мың жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілген екен. Негізінен қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыратын жобаларға грант беріледі. Бұл отандық өндірісті дамытады деп ойлаймын. Бұдан басқа, қаншама мыңдаған адамды кәсіпкерлік негіздері курсында оқытады. Аймақтарда шағын және орта бизнеспен айналысам дейтін адамдарға бизнес ашу және оны жүргізуге кеңес беру жұмыстары жолға қойылған. Оны мен «Атамекен» ҰКП  жанындағы Ақтөбе облысы іскер әйелдер кеңесі төрағасы ретінде көріп отырмын, – дейді спикер.

Бүгінде Күлпаршын Айдарханова осы мәселемен тікелей айналысып жүр. Соның арқасында жаңа жұмыс орны ашылып жатыр дейді.

Әсіресе, табысы күнкөріс деңгейінен аз аздамдар мен ауылда тұратындарды қатарға тартуға мән берілген «Ауыл аманаты» жобасының маңызы зор.Біздің елде ұлттық бизнесті оның ішінде тері илеу, жүн өңдеу, одан небір ұлттық  бұйымдарды жасап киімдерді тігіп шығарғысы келетін қолы шебер кәсіпкерлер жоқ емес, бар. Соларға қолдау көрсетіп, субсидия беру жағын ойластыратын арнайы бағдарламалар қарастырылса дейміз. Бұл сияқты жандандыратын ата кәсіптер баршылық. Осы арқылы біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді айқындайтын ұлттық өнімдер өндірісін жолға қояр едік, – дейді кәсіпкер Күлпаршын Айдарханова.

Ұлттық нақышта футболкалар шығарып жүргеніне 8 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі мемлекет тарапынан қолдау көрмеген суретші әрі кәсіпкер Аңсаған Мұстафа бұл бағытта күні мүшкіл екенін айтты.

Президент тапсырмасы: Ұлттық бизнес мүддесін қорғау қалай жүзеге асып жатыр?

Мен өзімді суретші ретінде көремін. Бизнесменмін деп айта алмаймын. Бұл бизнеске патриоттық сезіммен келдім. Қазақ хандығына 550 жыл болады дегенді естіп, қуанып, суретші ретінде өзімнің үлесімді қалай қоссам болады деп ойладым. Содан қазақ хандығына 550 жыл деген бір дизайынды жасап шығардым. Оны фейзбукка салып, 550 лайктан асқан жағдайда жазға дейін 55 дизайынын жасаймын дедім. Сол кезде бірден мың лайктан асып кетіп, фейзбуктағы адамдар өре түрегеліп, маған бизнес жоспар жасап бергендей болды. Тапсырыс келе бастады. Менде фирма жоқ. Тек оның дизайнын жасадым. Өзің алда, шығарып ал деген сияқты. Бірақ тапсырыс берушілер тарапынан бізде ондай жоқ, өзің жасап бізге салып жіберші деген соң, солардың айтқандарын істеп, жүгіріп кеттім, – дейді Аңсаған Мұстафа.

Біраз күннен соң суретшіге италиядағы досы хабарласып, өзінде футболка жасайтын фирмасы болғасын бизнес істеуге бағыт-бағдар берген екен. Осылайша өз ісін бастап кетіпті.

Экспоға көп футболка жасадық. Өкінішке қарай олар ақыры соңында ақшасын төлемей қашып кетті. Мені ғана емес көптеген қолөнершіні алдап кетті. Енді көтеріле бастағанда қытай, өзбектер, қырғыздар көшіріп алып, бізден екі есе төмен бағада біздің нарықты толтырып тастады. Оған дейін бізде 60-70 серіктес дүкен бар еді. Осындай нешетүрлі қиындықтармен арпалысып жүрмін. Өзім бизнесмен болмағасын кәсіпті қалай жасау керегін басында білмедім, – дейді ол.

Аңсаған Мұстафаның мақсаты – қазақ халқына ұлттық нақыштағы киімдер тігу. Сол мақсатқа жету жолында біраз қиындықтар барын жасырмады. Мемлекет тарапынан әлі қолдау ала алмай отырғанын жеткізді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға