Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасының есебін тыңдады

Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Қабылдау барысында Асхат Жұмағали Президентке жемқорлыққа қарсы күресу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады:
– жыл басынан бері елімізде 947 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, 660 адам әшкереленген. Оның 104-і – әртүрлі деңгейдегі басшылар;
– тергеу амалдары аяқталған қылмыстық істер аясында 193,5 миллиард теңге өтелген. Жалпы, 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,03 триллион теңге көлемінде мүліктік активтер мен қаржы қайтарылған;
– биыл білім, ғылым, спорт, дәрі-дәрмек сатып алу, құрылыс, жер телімдерін бөлу салаларына жүргізілген талдау және мониторинг жұмыстарының қорытындысы бойынша 113 есеп әзірленген;
– мемлекеттік органдарға жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған мыңнан астам ұсыныс берілген;
– алдын алу шаралары аясында, соның ішінде «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталына мониторинг жүргізу арқылы 31 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеген;
– «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыру кезінде 7,5 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалып, 67 түйткілді кейс шешімін тапқан;
жол саласындағы жемқорлық әрекеттерді жоюға қатысты тапсырмасының орындалу барысы жөнінде баяндады:
– «ақшаны бояу» пилоттық жобасын әлеуметтік маңызы бар салаларда, соның ішінде жол құрылысында іске асыру жоспарланып отыр;
жыл басынан бері Қатар, Гонконг, Әзербайжан және Ресей Федерациясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарымен ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылғаны жайында мәлімет берді. Аталған құжаттар құқықтық көмек көрсету, активтерді қайтару, адамдарды іздестіру, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына және сатып алу үдерісіне мониторинг жүргізу мәселелері бойынша серіктестікті нығайтуға бағытталған.
