Жаңалықтар

Президент сұхбатта бірқатар өзекті сұраққа егжей-тегжейлі жауап берді – Мәулен Әшімбаев

Президент сұхбатта бірқатар өзекті сұраққа егжей-тегжейлі жауап берді – Мәулен Әшімбаев
Фото: facebook.com/m.ashimbayev 03.01.2024 22:58 1327

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатына қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы Сенат спикері Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Мәулен Әшімбаевтың жазуынша, Мемлекет басшысы сұхбатта бірқатар өзекті сұраққа егжей-тегжейлі жауап беріп, ел дамуының алдағы жылдардағы стратегиялық бағдарын баяндаған. 
Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, соңғы жылдарда Қазақстанда аса маңызды саяси реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде билік тармақтары арасында тежемелік пен тепе-теңдіктің тиімді жүйесі құрылды. Саяси институттар нығайтылып, Парламентте кең өкілдік қамтамасыз етілді және азаматтардың құқықтарын қорғаудың пәрменді институты ретінде Конституциялық сот құрылды.

«Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын сипатқа ие болды. Себебі ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Сондықтан кері кетуге халықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өзгерістерді табандылықпен қорғайтыны анық. Жұртшылықтың алғашқы әсеріне қарап-ақ  қазақстандықтар сұхбатта айтылған ойларды толығымен қолдайды деуге толық негіз бар» - деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының пікірінше, Президент қасіретті қаңтар оқиғасының себебі мен оған не түрткі болғанына назар аударды. Тергеу нәтижелері мен осы оқиғадан бәріміз қандай сабақ алуымыз қажет екеніне де жан-жақты тоқталған. Сондай-ақ шын мәнінде біз Мемлекет басшысының еліміздің заңдарына, ұлттық мүдделеріне және халқымыздың бірлігіне негізделген берік ұстанымының арқасында Қазақстанның жаңа тарихындағы ең шиеленісті кезеңді еңсере алдық.

«Енді елді тоқырауға әкелетін мұндай оқиғалар ешқашан қайталанбауы керек. Қазіргі таңда қоғамда бұл мәселе бойынша нақты консенсус бар. Оған елімізде Президентіміздің басшылығымен іске асырылып жатқан демократиялық өзгерістер басты кепіл болып отыр. Мемлекет басшысы сұхбатта экономикалық дамудың негізгі басымдықтарын да нақты атап өтті. Алдағы уақытта өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, экономиканың жаңа салаларын дамыту сапалы экономикалық өзгерістердің негізгі драйверлері болмақ. Еліміздің алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін екі есеге арттырып, 450 млрд АҚШ долларына жеткізу міндеті тұр» - делінген жазбада.

Оқи отырыңыз:

Мәулен Әшімбаевтың мәліметінше, Парламент биыл Бюджет, Салық кодекстерін және басқа да қажетті заңдарды қабылдайды.
Бұдан өзге Сенат спикері Президент өз сұхбатында ұлт мүддесін қорғау, оны ілгерілету, сондай-ақ, орнықты дамуға қолайлы жағдай қалыптастыру үшін Қазақстан салиқалы және прагматикалық сыртқы саясатты жалғастыратынын алға тартқанын атап өтті. 
2024 жылы еліміз өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйымдарға төрағалық етеді. Бұл – Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы жауапты және сенімді серіктес ретінде мойындалуының жарқын көрінісі. Еліміз шетелдік инвестиция үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Сондай-ақ өзінің барлық халықаралық міндеттемелерін орындап, жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуге ықпал етеді. Шетелдік серіктестер Қазақстандағы тұрақтылықты, сындарлы диалог пен жасампаз ынтымақтастықты көздейтін бағдарды жоғары бағалайды.

«Мемлекет басшысының сұхбатында осы және басқа да маңызды мәселелер жан-жақты талқыланған. Онда қоғамды алаңдатқан көптеген сауалға нақты жауап берілген. Сондай-ақ Президентіміз сұхбатта дамудың қазіргі кезеңінде мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттерді белгілеп берді. Осыған байланысты ел ертеңіне бейжай қарамайтын барша азаматтардың, саяси және қоғамдық ұйымдардың Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси, экономикалық бағдарына қолдау білдіріп, Мемлекет басшысының саясаты төңірегіне топтасуы, Әділетті, демократиялық және инклюзивті Қазақстан құру жолындағы реформаларды іске асыру үшін өз үлесін қосуы аса маңызды.

Бұл – тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, мемлекетіміздің болашағын жарқын ету үшін қажетті шарт. Осы мақсатта бәріміз бірлесіп, еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етеміз деп сенемін» деп жазды Сенат Төрағасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға