Жаңалықтар

Президент Шымкентте Оқушылар сарайы мен Опера және балет театрын салуды тапсырды

Сондай-ақ Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланғаны атап өтілді
Президент Шымкентте Оқушылар сарайы мен Опера және балет театрын салуды тапсырды
Фото: Ақорда 27.09.2022 20:47 1717

Шымкентте жаңа Оқушылар сарайы мен Опера және балет театры салынады. Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Шымкент жұртшылығымен кездесуде Президент әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға назар аударды.

«Мен осы жылды «Балалар жылы» деп жарияладым. Осыған байланысты елімізде бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Шымкентте Оқушылар сарайы және Балалар шығармашылық орталығы салынып жатыр. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Қаланың демографиялық өсімін ескере отырып, әкімдікке 2025 жылға дейін тағы бір Оқушылар сарайын салуды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланғаны атап өтілді.

«Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысып жатыр. Қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды. Осы өңірдің кәсіпкерлері көптеген мектеп салып, білім саласына зор үлес қосып жатыр. Әкімдік алдағы жылы үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуге тиіс», – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мәдениет саласы да мемлекеттің басты назарында екенін жеткізді.

«Қазір қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін мәдениет ошағы тапшы. Менің тапсырмам бойынша 2 мың орындық Конгресс холлдың құрылысы басталды. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қалада Опера және балет театры бар. Алайда, оның ғимараты талапқа сай емес. Сондықтан, Үкіметке Шымкентте Опера және балет театрын салуды тапсырамын», – деді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға