Жаңалықтар

Президент сайлауы: Үгіт-насихат жұмыстары барлық өңірді қамтуда

Үміткерлер өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесу өткізіп жатыр
Президент сайлауы: Үгіт-насихат жұмыстары барлық өңірді қамтуда
Фото: tursynbekova.shtab 31.10.2022 17:26 2307

31 қазанда ҚР Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова елдің оңтүстігіне сапарлады. Кандидат Шымкент қаласында тігін фабрикасының жұмысшыларымен кездесті. Құқық қорғаушыны тыңдауға 250-ден астам қызметкер жиналды, деп хабарлайды El.kz 

Үміткер бір мезгілде ақша тауып, бала өсіріп, салт-дәстүрді сақтап, ірі кәсіпорынның жүгін көтеріп жүрген әйелдерді мақтан тұтатынын атап өтті.

«Гауһар» – оңтүстіктегі жеңіл өнеркәсіптің флагманы. Мұнда жұмыс киімі, мектеп формасы мен тоқыма бұйымдары әдемі, тиімді және ыңғайлы тігіледі. «Қазақстанда жасалған» деп мақтанышпен айта алатын өнімнің қалай жасалып жатқанын көру қуантады. Осындай ірі әрі танымал кәсіпорынды әйел адам басқарып отырғаны, тіпті үлкен қуаныш. Көпшілік әйелдің табысты көшбасшы бола алатынына сенбейді. Бірақ мен сенемін және білемін: әйелдің қолынан бәрі келеді: зауытты да, үлкен ұжымдарды да, тіпті бүкіл елді де басқара алады. Әйел-ана бір қолымен бала тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», - деп атап өтті ол.

 

ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкеннің Ұлытау облысындағы штаб қызметкерлері үгіт-насихат науқанының соңына дейін өңірдегі барлық жұмыс ұжымдарымен кездесуді жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Штаб қызметкерлері мен еріктілер кандидаттың үгіт парақшаларын таратып, сайлауалды тұғырнаманы түсіндіру шараларын жалғастыруда. Тиісінше  штаб басшылығы да күн сайын  кәсіпорындар мен қоса басқа да ұйымдардың кәсіподақтарымен кездесулер өткізіп жатыр.

Бүгінгі таңда штабта 10-ға жуық адам жұмыс істейді. Облыстың барлық қалаларындағы орталық көшелерде билбордтар мен плакаттар ілінген.

"Қазір біз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бізде үлкен өнеркәсіптік кәсіпорындар шоғырланғандықтан, біз негізінен сол компания жұмысшыларымен кездесулер өткіземіз. Біздің міндетіміз – үгіт-насихат уақытының соңына дейін барлық ұжымдарға бару"- деп атап өтті, облыстық штаб басшысы Берік Жағыпаров.

 

Кандидат Жигули Дайрабаев Аршалы ауданы Анар ауылындағы сайлаушыларымен кездесті. Аталған елдімекендегі «Аян» ЖШС тыныс-тіршілігімен танысты. Кездесуде кандидат жұртшылықты өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды.

Анар станциясында орналасқан кәсіпорын – «Аян» ЖШС ұн тартумен, ұн, макарон өнімдерін өндірумен айналысады. Астана маңында пайда болған алғашқы отандық кәсіпорындардың бірі. Елорданың азық-түлік белдеуіне енген. Кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді, алайда соңғы кездегі астық бағасының күрт өсуіне байланысты белгілі бір қиындықтар туындаған. Компанияның өз алқабынан алған біршама шикізаты бар. Бірақ ол мәселені шешпейді.        

                                                                                                 

Одан кейін кандидат Анар ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиынға ауылдың 70-тей тұрғыны, аталған елдімекеннің азаматтық қоғамының өкілдері қатысты. Олар кандидат бағдарламасына қызығушылық танытып, қызу қолдау білдірді. Сайлаушыларға кооперативтер, тұтыну кооперативтерін құру мәселесі өте ұнады. Себебі ауыл елордаға жақын орналасқандықтан ет, сүт және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын әрбір үй шаруашылығы өз өнімін астана нарығына шығарып сатуға мүдделі.  Осыған орай, жиынға қатысушылардың басым бөлігі кооперацияның маңыздылығына тоқталып, кандидаттан осы бағытта нақты шаралар қабылдауды күтетінін айтты. Тұрғындар кандидатқа саяси тартыста табыс тіледі.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға