Жаңалықтар

Президент республикалық бюджет жобасының мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Президент республикалық бюджет жобасының мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 17.08.2023 19:40 1010

Президент 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақорданың ресми сайты таратқан мәліметке сәйкес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын болжау және 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының мәселелері жөнінде жұмыс кеңесі өтті.

Кеңеске Премьер-Министр, қаржы-экономикалық блокқа жауапты мемлекеттік органдардың және Ұлттық банктің, Жоғары аудиторлық палатаның басшылары қатысты.

Президентке әлемдік экономикадағы трендтер, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жасалған болжамдар, сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының параметрлері туралы мәлімет берілді.

Жиын барысында Мемлекет басшысы теңгерімді макроэкономикалық саясат жүргізу, мемлекеттің әлеуметтік салада қабылдаған барлық міндеттемелерін сақтау маңызды екеніне назар аударды.

Президент жоспарланған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға, экономиканың нақты секторын қолдауға және дамытуға, жалпымемлекеттік шығындарға, соның ішінде қорғаныс және құқық қорғау жүйелерінің тиімділігін арттыруға бағытталған шығындарды толыққанды қаржыландыру қажет екенін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Үкіметке бюджет процесіне бақылауды күшейту, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың қаржы жұмсау тәртібін жетілдіру жөнінде тапсырма берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға