Жаңалықтар

Президент Қазақстан таңдаған бағыттың кейбір тұстары Қатармен ұқсас екенін айтты

Президент Қазақстан таңдаған бағыттың кейбір тұстары Қатармен ұқсас екенін айтты
Фото: t.me/aqorda_resmi 14.02.2024 19:07 1196

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз таңдаған бағыттың кейбір тұстары Қатармен ұқсас екенін айтты. Бұл туралы Президент қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қатар Үкіметі мен Қатар кәсіпкерлері қауымдастығына алғыс білдірді. Оның айтуынша, әлем бұрын-соңды болмаған сын-қатерге тап болған қазіргідей кезде саяси ерік-жігер мен экономикалық белсенділікті ұштастыру өте маңызды.

Бүгін мен Қатар елінің басшылығымен нәтижелі кездесу өткіздім. Біз түрлі сала бойынша уағдаластықтарға қол жеткіздік және елдеріміздің үкіметтеріне оларды жүзеге асыру үшін тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырдық. Менің сапарым біздің көпжақты қатынастарымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін. Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің басшылығымен Қатар зор табысқа жетті. Көптеген ел сіздерден үлгі алады. Сіздердің ғажайып елдеріңіз – экономикасы қарқынды дамыған, тұрмыс деңгейі жоғары, қоғамы өркендеген мемлекет ретінде танымал. «Қатар – 2030» ұлттық бағдарламасында жаңғыру мен ұлттық құндылықтар өзара нақты әрі ерекше үйлесім тапқан. Барша қатарлық достарымызға осынау игі мақсатқа жету жолында табыс тілеймін, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз таңдаған бағыттың кейбір тұстары Қатармен ұқсас екенін айтты. 

Қазақстанның ашық есік саясатына, орасан зор ресурсына және еркін нарыққа қатысты реформаларына шетелдің, соның ішінде Қатардың көптеген компаниясы назар аударды. Әртараптандырылған және орнықты экономиканың негізін қалау – Қазақстанның басты міндеті.

Мен жаңа экономикалық бағытты ұсындым. Аталған бастама анағұрлым қуатты әрі қарқынды дамыған ел құру мақсатында құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл – өршіл, бірақ орындалатын міндет. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 265 миллиард долларды құрады. Біздің ендігі мақсатымыз – осы көрсеткішті 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға жеткізу. Өткен жылы экономикалық өсім 5,1 пайызға жетті. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды жоспарлап отырмыз. 2022 жылы шетелден 28 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тарттық. Ал сыртқы сауда айналымы 136 миллиард долларға жетті. Қазақстан Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестиция келетін негізгі ел болып қалуы үшін ең жоғары әлемдік стандарттарға сай жаңа инвестициялық циклды іске қостық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылардың басым бөлігі қазақ-қатар экономикалық қатынастарының табысты дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Мемлекет өз тарапынан салық және кеден жеңілдіктерін ұсынуға, жобаларды бірлесе қаржыландыруға, ішінара кепілдік беруге және экспортты қолдау тетіктерін іске қосуға дайын.

Жуырда біз инвестициялық кеңес құрдық. Оған Премьер-министрдің бірінші орынбасары төрағалық етеді. Кеңес шұғыл шешім қабылдау және жан-жақты мемлекеттік қолдау арқылы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына ықпал жасайды. Қатар компанияларын бизнес жүргізу үшін тың мүмкіндіктерді қарастырып, Қазақстан нарығына инвестиция салуға шақырамыз, – деді Президент.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға