Жаңалықтар

Президент: Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналуы керек

Президент: Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналуы керек
Фото: © Pixabay.com 01.09.2023 11:30 1075

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында мүмкіндікті толық пайдалан алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы, - деді ол.

Осы орайда еліміз Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналуы керектігін тапсырды. Ал ол үшін агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесі артуы керек.

Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады, - деді Тоқаев.

Президент сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар санын арттыруды тапсырды. Осы орайда экспортпен қатар ішкі нарық та ұмыт қалмауы қажет екендігі сөзсіз. 

Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек, - деді ол.

Тоқаев өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту жайлы да сөз қозғады. Ал 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктерін өзгелерге үлгі етті.

Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі, - деді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға