Жаңалықтар

Президент Іс Басқармасы қазақы тазы мен төбетті сақтау мәселесін қолға алды

Халықаралық кинологиялық орталықта (FCI) тазы мен төбеттің шыққан елі ретінде Қазақстанды көрсету де мәселе болып отыр
Президент Іс Басқармасы қазақы тазы мен төбетті сақтау мәселесін қолға алды
Фото: ortcom.kz 01.09.2022 10:00 1257

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Президенттің Іс Басқармасына жеті қазынаның бірі – қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау жұмысын қолға алуды тапсырды, деп хабарлайды El.kz басқарманың сайтына сілтеме жасап.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев бұл жұмысқа тартылған және мүдделі тараптардың қатысуымен жиын өткізді. Басқосуда қазір тазы мен төбет тұқымының тазалығын сақтау ісі сын көтермейтіні айтылды. Жұмыс жүйелі жүргізілмеген.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-Министр Кеңсесінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Президенттің Іс Басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының, сондай-ақ «Қансонар» республикалық қауымдастығының өкілдерінен жасақталған жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы Қазақстанның барлық аймақтарында таза қанды тазы мен төбеттің генофондын ғылыми зерттеуді нысаналықаржыландыру мүмкіндіктерін тауып, мемлекеттік қолдау түрлерін қарастыруға тиіс. Сондай-ақ сақтау және қалпына келтіру бойынша заңнамалық нормалар пакетін әзірлеуі керек.

Халықаралық кинологиялық орталықта (FCI) тазы мен төбеттің шыққан елі ретінде Қазақстанды көрсету де мәселе болып отыр. Президент нұсқауы бойынша бұл жұмысқа – ҚР Сыртқы істер министрлігі, ал жеті қазынаның бірі саналатын ұлттық байлығымызды түрлі шаралар арқылы насихаттауға – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетуге тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға