Жаңалықтар

Президент Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады

Президент Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады
Фото: Ақорда 30.04.2024 19:42 1035

Мемлекет басшысына еліміздегі заңдылықтың жай-күйі және қадағалау қызметінің басым бағыттары бойынша жүргізілген жұмыстардың негізгі қорытындысы жөнінде баяндалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі криминогендік ахуал және қылмыстық-құқықтық салада азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы жөнінде мәлімет берілді. Прокурорлар тергеу орындары заңсыз қамауға алған 449 адамды босатты. Сондай-ақ 515 адамға қатысты шыққан үкімді қайта қарау жөнінде бастама көтерді. Оның ішінде 205 сотталушының жағдайы жақсарып, 10 адам ақталды.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысына активтерді қайтару және қылмыскерлерді іздестіру жұмыстары барысында прокуратура органдарының жасанды интеллектіні пайдалануы жөнінде баяндалды. Бас прокуратурада елден заңсыз шығарылған активтерді іздеу және ізіне түсу үшін қолданылатын «ақылды» аналитикалық платформаны пилоттық режимде сынап көру жұмыстары басталды.

Қазіргі таңда қабылданған шаралардың, соның ішінде ақпараттық жүйелерді пайдаланудың нәтижесінде іздеуде жүрген 605 қылмыскер ұсталды.

Сонымен қатар бүгінде прокурорлар жүзеге асырылып жатқан 663 инвестициялық жобаға құқықтық кеңес беріп отыр. Биыл ел экономикасына 2,4 триллион теңге көлемінде инвестиция салған 148 инвестордың түйткілді мәселесі шешілді.

Президент шетелге заңсыз шығарылған активтерді іздеуге және қайтару үшін заманауи технологияларды кеңінен қолдану ісін жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың және инвесторлар мен бизнес-қоғамдастықтың құқықтарын прокурорлық қадағалау шараларымен тиімді қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға