Жаңалықтар

Президент: Ата-ана баласының тәрбиесін мектепке ысыра салмауы керек

Президент: Ата-ана баласының тәрбиесін мектепке ысыра салмауы керек
Фото: ©El.kz/Артем Чурсинов 03.10.2024 12:10 431

Қасым-Жомарт Тоқаев балалар қауіпсіздігі өзекті мәселе екенін алға тартты. Президент барлық уәкілетті орган өз жұмысын мүлтіксіз орындауы қажет екенін алға тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы. Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінде ата-ананың бала өміріне араласпау үрдісі қалыптасып келе жатқанына алаңдаулы. Соның кесірінен балалар виртуалды әлемде өмір сүруге бейім болып барады.

Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын, - деді президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде заманауи технологиялардың пайдасымен қатар қаупін де ұмытпау керектігін қоса кетті.

Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет, - деді ол.

Тоқаев елімізде ата-аналардың жауапкершілігі идеясын ілгерілетуге бағытталған қоғамдық бастаманы қолға алуды ұсынды. Сонымен қатар қоғамдағы шынайы қаһармандарды насихаттау керектігін айтты.

Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты шара қабылдауды тапсырамын. Балалар мен жасөспірімдер арасында ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттауымыз қажет. Мысалы, жақында өткен Дүниежүзілік олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісі үлгі етуге тұрарлық.

Біздің оқушылар математикадан, физикадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек, - деді президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға