Жаңалықтар

Президент әрдайым аймақтарды дамытуға ерекше мән беріп келеді - Ерлан Қошанов

Президент әрдайым аймақтарды дамытуға ерекше мән беріп келеді - Ерлан Қошанов
Фото: facebook.com/y.koshanov 14.03.2025 19:02 204

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты пікірімен бөлісті. Бұл туралы ол желі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ерлан Қошановтың пікірінше, Мемлекет басшысы елдің болашағына қатысты сүбелі ойларын ортаға салып, мемлекетіміз үшін ең өзекті, ең түйіткілді мәселелер бойынша көзқарасын білдірді. 

Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан ең маңызды мәселенің бірі – салық реформасы. Бұл тақырыптың төңірегінде әртүрлі пікір айтылып жүр. Әсіресе, қосымша құн салығына қатысты сан алуан көзқарас бар екені жасырын емес. 

Үкімет салық реформасына қатысты біраз ұсыныс берді. Қазір Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасы қаралуда. Соның аясында 200-ге жуық адамнан құралған жұмыс тобы үлкен шаруа атқарып жатыр деп айта аламын. Оның құрамында кәсіпкерлер, сарапшылар мен қаржыгерлер, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері мен ең білікті депутаттарымыз бар. Басты міндет – қолға алынып жатқан бастамалардың мән-маңызын халыққа дұрыс жеткізу, түсіндіру. Президент кұрылтайда мұны дөп басып айтты. Салық кодексін қарау кезінде осыған ерекше мән беріледі,-деп жазды Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов өз жазбасында біз бизнестің бөлшектелуіне, салықтан жалтаруына жол бермеуге тиісті екенімізді алға тартты. Ол үшін әділ, ашық әрі тиімді салық жүйесі қалыптасатынына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне де жеке тоқталды. Үкімет пен Парламент бұл түйткілмен былтырдан бері айналысып келеді. Мәселенің мән-жайын жетік зерделеу үшін арнайы мониторинг жүргізілді. Үш ай бойы Үкімет аймақтардағы ахуалды, уақыт белдеуінің әсерін мұқият зерттеді.  Оның қорытындысын осы аптада Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының отырысында таныстырды. Мамандар бұл жайтқа өте жауапкершілікпен қарады деп айта аламыз. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің пайдасы мен тиімді тұстары туралы дәйекті тұжырымдар келтірді. Әр өңірдегі жағдай жеке-жеке сараланды. Барлық фактор ескерілді. Бүгін Мемлекет басшысы бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің маңыздылығын айтып, мамандардың уәжін қолдады. Осылайша, бұл мәселенің нүктесі қойылып отыр,-деп жазды Ерлан Қошанов.

Жалпы Ұлттық құрылтайда қоғамдағы ең өзекті мәселелер көтерілді. Әдепке, діни ахуалға, интернет алаяқтыққа, жалған психологтар мен коучтарға қатысты да түрлі пікірлер айтылды. Президент осы салалардағы заңнаманы жетілдіру мәселесіне мән берді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ұлттық идеологияның пәрменді құралы саналатын отандық кинемотографияның келешегіне арнайы тоқталды.

Жасыратыны жоқ, қазір киноның сапасы мен мазмұнына қатысты сыни пікір аз емес. Әрине, олардың денін жеке компаниялар түсіріп жатыр. Былтырдың өзінде 94 картина жарыққа шыққан екен. Президент олардың сапасына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Жаппай көрсетілімге шығармас бұрын, алдын ала сүзгіден өткізіп, әр туындының мазмұны мен тәрбиелік мәнін таразылауды тапсырды. Оған қоса, отандық анимацияны дамытуға да ерекше мән берді. Өскелең ұрпақты ұлттық нақышта тәрбиелеу үшін біз осыған ден қоюға тиіспіз. Тағы бір маңызды мәселе – әйелдер колониясындағы ахуал. Бас бостандығынан айырылған жандардың тағдыры назардан тыс қалмауы керек. Біз әрдайым адамгершілік құндылықтарды, заң мен тәртіп қағидаттарын басшылыққа алуымыз қажет. Әсіресе, осындай жағдайға тап болған кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер заңмен қорғалуға тиіс. Бүгін Мемлекет басшысы осыны алға тартып, мәселені байыпты зерттеуді тапсырды. Бұл бағытта құқық қорғау органдары мен депуттар бірлесіп жұмыс істейтін боламыз,-делінген жазбада. 

Айта кетсек, құрылтайда әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық мәселелермен бірге ел экономикасына қатысты да кесек-кесек ойлар ортаға салынды. Қазір әлемдік ахуал күрделі. Жаһандық экономиканың өзі біраз қиындықты бастан кешіп отыр. Оның салқыны бізге де сезілуде.

Осы жағдайда отандық экономиканы дамыту, өңірлерді өркендету – негізгі міндеттің бірі. Президент биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемі екі есеге жуық артып, 8 триллион теңгеге дейін жететінін айтты. 

Мемлекет басшысы әрдайым аймақтарды дамытуға ерекше мән беріп келеді. Қуатты өңірлер – қуатты елге айналудың кепілі. Әсіресе, шекаралық аудандар мен ауылдардың қаңырап бос қалмауы маңызды. Керісінше, өсіп-өркендеуі қажет. Мұны мемлекеттік саясаттың басым бір бағыты дер едім. Бұл орайда «AMANAT» партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынған болатын. Президент осы бастаманы қолдап, мәселені Үкімет пен депутаттарға бірлесіп мұқият қарастыруды тапсырды,-деп сөзін толықтырды Мәжіліс төрағасы.

Бұдан өзге Ерлан Қошанов Қазақстанда экономиканың жаңа салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын,  Мәжіліс қабырғасында жасанды интеллект туралы заң жобасы қаралу үстінде екенін де атап өтті. Сонымен қатар экономиканың қарыштап алға басуы ғылымға тікелей байланысты екенін де алға тартты. 

Келесі мәселе – ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау. Өкінішке қарай елімізде мұндай балалардың саны азаятын емес. Мемлекет басшысы әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құруды тапсырды. Ал Парламент өз тарапынан жылдың соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлейді. 

Бұдан бөлек, құрылтайда ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту мәселелері көтерілді. 

Жалпы, биылғы құрылтай мазмұнды өтті. Барлық мәселе жан-жақты қамтылды. Ең бастысы – елдің бірлігі, мемлекеттің тұрақтылығы, экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы. Бүгін осы сұрақтарға Мемлекет басшысы нақты жауап берді,-деп сөзін түйді Мәжіліс төрағасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға