Президент «ALACEM» цемент зауытының жұмысымен танысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңіріндегі ірі өндіріс ошақтарының бірі саналатын «ALACEM» цемент зауытын аралап көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
▪️2020 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған Қазақстан-Сингапур бірлескен кәсіпорнында құрғақ әдіспен жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіріледі. Жоба құны – 47 миллиард теңге. Зауытта, негізінен, азаматтық және өндірістік нысандар құрылысында кеңінен пайдаланылатын M400, M450, М500 маркалы цемент түрлері шығарылады. Мысалы, Үлкен Алматы өзеніне салынған «Аюсай» бөгетінің құрылысына осы зауыттың өнімі қолданылған.
Кәсіпорынның басқарушы директоры Станислав Щербаковтың айтуынша:
➤ зауыт Алматы қаласының, Жетісу және Алматы облыстарының цемент өніміне деген сұранысын 65 пайызға дейін қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру барысында экологиялық таза, қалдықсыз өндіріс стандарттарына сай келетін озық технологиялар қолданылған. Сондай-ақ өнім процесін басқару үшін DCS интеллектуалды жүйесі енгізілген;
➤ кәсіпорынның өндіріс және көлік-логистикалық учаскелерінде 600 адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар өнімді өткізу, дилерлік желілер арқылы қосымша 200-ге жуық жұмыс орны ашылды;
➤ компания зауытты іске қосқалы бері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Кербұлақ ауданының дамуына 2,7 миллиард теңге қаржылай қолдау көрсеткен. Бұл қаражат Сарыөзек – Көктал жолын жөндеуге және аудандағы әлеуметтік жобаларға жұмсалды.