Президент Ахмет Жұбанов атындағы қазақ музыкалық мектеп-интернатты мерейтойымен құттықтады
Президент Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ музыкалық мектеп-интернатты 60 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ музыкалық мектеп-интернатының ашылғанына 60 жыл толды. Мерейтойға орай ерекше концерт ұйымдастырылды.
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Халқымыздың біртуар перзенті Ахмет Жұбановтың бастамасымен ашылған білім ордасы бүгінде дарынды балаларды тәрбиелеудің өзіндік дәстүрін қалыптастырған іргелі оқу орнына айналды. Сіздерге қазақтың музыка өнерін дамыту жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да дарынды әрі саналы ұрпақ өсіріп, ел игілігіне аянбай қызмет ете бересіздер деп сенемін, – делінген Мемлекет басшысының хатында.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі байқауларда топ жарып, халқымыздың мерейін асырған мектеп шәкірттерін бүкіл еліміз мақтан тұтатынын атап өтті. Мерейтойға орай мектептің бірқатар ұстаздарына мемлекеттік марапаттар табысталды.
Айта кеетйік, мектеп-интернаттан 60 жыл ішінде мыңға жуық музыкант түлеп ұшқан.
Оқу орнында білім алған 800-ден астам өнерпаз халықаралық және республикалық конкурстар мен фестивальдердің лауреаты атанған. Қазіргі таңда мектепте 500-ге жуық дарынды бала білім алуда.
Оқу орны «Теория және композиция», «Скрипка және альт», «Виолончель және контрабас», «Арнайы фортепиано», «Үрмелі және ұрмалы аспаптар», «Халық аспаптары», «Міндетті фортепиано», «Хор дирижерлығы» және «Концертмейстерлік шеберлік» секілді 10 бағыт бойынша кәсіби музыканттарды дайындайды.