Жаңалықтар

Пойыздардың үнемі кешігіп келуі, қызметтің нашарлығы қалыпты жағдайға айналып барады – Әлихан Смайылов

Пойыздардың үнемі кешігіп келуі, қызметтің нашарлығы қалыпты жағдайға айналып барады – Әлихан Смайылов
Фото: t.me/KZgovernment 21.11.2023 11:00 1357

Жылжымалы құрамды жаңарту мақсатында 550-ден астам локомотив, сондай-ақ жолаушылар және жүк вагондары сатып алынады. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысының сөзінше, «жалпы ұзындығы шамамен 5 мың км құрайтын қолданыстағы магистральдық теміржол желілерін жаңғырту жүргізілуде және шұғыл шешімдерді талап ететін бірқатар проблема бар». 

Бүгінгі таңда жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60%-ке жетіп отыр. Мұның бәрі пойыздардың жүрісі мен теміржолдың өткізу қабілетіне кедергі келтіруде. Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты мәселелер бар. Бұл транзит, экспорт және импорт көлеміне әсер етеді. Сол себепті бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам қарап дайындап беретін «бір терезе» жүйесін құру қажет, – деді ол. 

Сондай-ақ премьер-министр тұрғындар тарапынан «Қазақстан темір жолының» қызметіне қатысты көптеген шағым келіп түсуде екенін тілге тиек етті. 

Пойыздардың үнемі кешігіп келуі, қызметтің нашарлығы, ескірген вагондар – мұның барлығы қалыпты жағдайға айналып барады. Ал бизнес болса вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан ұзақ келісу рәсімдерін айтып шағымдануда. Осының барлығы бүкіл экономиканың дамуына кері ықпал етеді, – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға