Жаңалықтар

«Постшындық дәуірі» мемлекеттерге жаңа мүмкіндікпен бірге қатер де ұсынып отыр

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі AstanaMediaWeek дәстүрлі халықаралық форумында айтты
«Постшындық дәуірі» мемлекеттерге жаңа мүмкіндікпен бірге қатер де ұсынып отыр
Фото: baq.kz 26.10.2022 12:31 1869

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі AstanaMediaWeek дәстүрлі халықаралық форумында «постшындық дәуірінің» ерекшеліктеріне тоқталды, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«24 сағаттық жаңалықтар циклі мен әлеуметтік желілер жаңа кезеңнің – постшындық дәуірінің пайда болуына әсер етті. Бұл дәуірде қоғамдық пікір обьективті фактілер емес, адамдардың эмоциясы мен субьективті сенімдеріне жүгіну негізінде қалыптасады. Сондықтан ол мемлекеттерге, үлкен корпорациялар мен медиакомпанияларға жаңа мүмкіндіктермен бірге жаңа қатерлер де ұсынып отыр. Қолына смартфон ұстаған кез келген адам ақпарат таратушыға айналған. Сондықтан желі кейде желікпенің сөзіне көрік басқан мұндай кезеңде талғамсыз тараған хабарды елейтін елек болмағандықтан, шын мен жалғанның, рас сөз бен жаланың, өсек пен өтіріктің араласып кететіні белгілі», - деді министр.

Сондай-ақ, ол тексерілмеген ақпаратты жиі тұтынудың кері әсері туралы пайымын айтты.

«Тексерілмеген сурет, анықталмаған, салыстырып, сарапқа салынбаған сенімге селкеу түсіретін жалған ақпарат, дерек-дәйегі жоқ дабыл жұртты шатастырады. Расталмаған, дереккөздерге сілтеме жасалмаған, эмоцияға толы видео, суреттермен қоса берілген кейде біреудің арына тиетін, жеке басқа, ірі компанияға жала жабылған алдамшы ақпараттар адамды адастырады. Мұны әдейі жасаған, таратқан яки білместіктен бөліскен жандар көбіне заң бұзғанын, адамның құқына қол сұққанын да сезіне бермейді. Бұл дегеніміз – постшындық, шындық сөздің орнына желдей ескен жылдам ақпарат, жаңалық пен жалғандықтың айырмашылығы тым қысқаруына әкеп соқты», - деді ведомство басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға