Жаңалықтар

Полиция қызметкерлері алма бағында өсірілген қарасора плантациясын тікұшақ арқылы тапты

Полиция қызметкерлері алма бағында өсірілген қарасора плантациясын тікұшақ арқылы тапты
Фото: ІІМ баспасөз қызметі 16.10.2023 12:16 1213

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз мәслихатында ресми өкіл Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарттық агенттігі.

Алматы облысын тікұшақпен тексеру кезінде полиция қызметкерлері Түрген ауылының маңында «үнді» қарасорасының плантациясын тапты. Қарасора алма бағында 15 гектар жерде жеміс ағаштарының арасына жасырылып отырғызылған және есірткі өсімдігі толық суарылып, бапталып өсірілген. Ведомствода түсіндірілгендей, қылмыскерлер есірткі өсімдіктерін жасыру үшін осындай амал-тәсілдерді жиі қолданады. Көбіне олар жүгерінің, жеміс ағаштарының және басқа да дақылдардың периметрі бойынша жасырылады. Сондықтан қарасораны күз мезгілінің аяғында, яғни ағаштар жеміс беріп, жапырақтары түскен шақта анықтау мүмкіндігі туады, – дейді ол.

ІІМ өкілінің сөзінше, жер учаскесінің иесі бұрын есірткі қылмысы үшін жауапқа тартылған жергілікті тұрғын болып шыққан. Жалпы салмағы 2,8 тонна болатын 900-ден астам үнді қарасорасының бұталары тәркіленді. Қарасораның бұл сорты 4 метрге дейін жететін ұзындығымен және 10 килограмды құрайтын бұтасының салмағымен ерекшеленді. Мұндай марихуананың бір килограмының құны қара нарықта жарты миллион теңгеге жетеді.

Сондықтан құрамында есірткі бар өсімдіктерді жинауға, өсіруге және сатуға байланысты қылмыстардың жолын кесуге бағытталған «Қарасора» арнайы операциясы маусым айынан қазан айының соңына дейін жалғаспақ.

Бұған дейін қарасора плантациясы Алматы облысының Ақбайлау ауылында анықталған болатын. Мұнда 1 гектар жерге 2166 қарасора бұталары отырғызылған. Құрамында есірткі бар өсімдіктердің жалпы салмағы 7,6 тоннаны құрады. «Қарасор» операциясы барысында ішкі істер органдары 1300-ге жуық есірткі қылмысын анықтады, оның 600-ге жуығы есірткі өткізу фактілері. Заңсыз айналымнан 29 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 61 кг героин, 200 кг-ға жуық гашиш, 1,6 тонна көкнәр сабағы, 5 кг апиын көкнәрі, 27 тонна марихуана тәркіленді. 16 есірткі зертханасы таратылып, 71 кг «синтетика» тәркіленді, – дейді ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға