Жаңалықтар

Полиция Астанадағы митингке қатысты түсініктеме берді

Қазіргі уақытта кінәлі адамдар анықталып, полицияға жеткізілді
Полиция Астанадағы митингке қатысты түсініктеме берді
Фото: gov.kz 27.11.2022 00:27 2707

Полиция елордада 26 қараша күні кешкі уақытта орын алған митингке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Астанадағы түнгі клубтардың бірінде жастарға арналған мәдени-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылған. Ұйымдастырушы кәсіпкер шараға 300-ге жуық жастарды жинаған.

Жиын барысында ұйымдастырушы жиналғандарға көрінеу жалған ақпарат беріп, бейбіт жиналыстар өткізудің заңда белгіленген тәртібін бұза отырып, оларды өзінің жеке құқыққа қайшы мақсатына қол жеткізу үшін заңсыз шеруге шақырған. Арандату нәтижесінде қоғамдық тәртіп өрескел бұзылып, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның толыққанды жұмыс істеуіне кедергі жасалған.

Жиынға қатысушылар полицияның заңсыз әрекетті тоқтату туралы талабын ескермей, дауыс зорайтқышты қолданған, ұйымдастырушының шақыруымен тәртіпті бұзуды жалғастыра берген.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция заңсыз әрекеттердің жолын кесу шараларын қабылдауға мәжбүр болды. Бұл ретте заңсыз шеруге қатысушылар қызметкерлерге бағынбай, қарсылық көрсетті.

Қазіргі уақытта кінәлі адамдар анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың іс-әрекеттеріне белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға