Жаңалықтар

Погон таққан 8 баланың анасы: «Келін бос түскен жұртым мақтанышпен қабылдады»

Погон таққан 8 баланың анасы: «Келін бос түскен жұртым мақтанышпен қабылдады»
Фото: Гүлжан Құралбекованың жеке мұрағаты 29.07.2024 12:44 620

Түркістан облысы Келес ауданында алтын құрсақты полицей тұрады. Аудандық полиция бөліміне қарасты көші-қон қызметінде 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Гүлжан Құралбекова 6 қыз, 2 ұлдың анасы. Погон таққан келіншек сегіз баланың тек біреуінде декреттік демалыста отырған. El.kz тілшісі қызығы мен шыжығы қатар келетін салада жүріп, отбасының ұйытқысы болып полицеймен сұхбаттасты.   

El.kz: Алдымен өзіңіз туралы айтып беріңізші... Ішкі істер органына қалай келдіңіз?

Гүлжан Құралбекова: 1979 жылдың 22 желтоқсанында қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш қаласында дүниеге келгенмін. 1986-1994 жылдары Сарыағаш қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте оқыдым. 1994-1997 жылдары ауыл шаруашылық техникумында білім алып, бухгалтер-экономист мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Сарыағаш қаласында «техсоюз» деген мекеме болды. Қолыма диплом алған соң сол жерге хатшы боп жұмысқа тұрдым.  1997-2002 жылдар арылығында аталған мекемеде жұмыс істеп, одан кейін 2002 жылы Ақтөбе қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің заң колледжіне оқуға түстім. 2004 жылы оқуды тәмамдап, сол жылдың 13 тамызында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Түркістан облысы Келес аудандық ішкі істер бөліміне ювеналдық полиция инспекторы болып жұмысқа тұрдым. Ол жерде бір ай жұмыс істедім де 17 қыркүйектен бастап бүгінгі таңға дейін Келес аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметінде инспектор қызметін атқарып келемін. Шенім – полиция майоры.

El.kz: Алғашқы мамандығыңыз бухгалтер-экономист екен. Ішкі істер органын таңдауыңызға не түрткі болды?

Гүлжан Құралбекова: 8 сыныпта оқып жүрген кезімде форма киген тәртіп сақшыларына қызыға қарайтынмын. Осы салада қызмет етіп жүрген туыстарым да болды. Соларға қатты қызығатынмын. Полиция болу сол мектеп кезінен бергі арманым деуге болады. Отбасымда екі-ақ қыз боп өстік. Үйде анам мен әкем дастархан басында шай ішіп отырып әпкем екеумізден «Болашақта кім болғыларың келеді?» деп сұрайтын. Милицияда жұмыс істеймін дегенімде үйдегілер күлетін. Ол кезде полиция емес, милиция деп аталатын еді ғой. Ол жылдары бұл салада жүрген қыз балалардың саны аз болатын, тіпті жоқ деуге де келетін шығар. Үйдегілер «Ішкі істер саласында кім боп істейсің, пол жуасың ба?» деп сенімсіздік танытып, кейде күліп алатынымыз бар. "Әлі көресіңдер, погон тағып, милиция боламын" дейтінмін. Араға жылдар салып, оқуымды бітіріп келіп, ішкі істер саласына жұмысқа тұрдым. Бала күнгі арманым орындалды. Сол кезде анам марқұм «Көрдіңдер ме, бала күнінен полиция боламын дейтін. Адам жақсы нәрсені ниет ете білу керек. Алла тілегін қабыл етеді» деп  айтып отыратын. Бұл салаға сол бала күнгі ниетім жетелеп келді ғой деп ойлаймын.

Алғашқы мамандығым - бухгалтерлік саланы таңдауыма анам себепші болды. Бізде Сарыағаш қаласында бес мың әйел жұмыс істейтін үлкен фабрика бар еді. Сол жерде анам бас бухгалтер боп еңбек етті. Әкемнің әкесі де осы салада еңбек еткен, ревизор болған. Отбасымыздың барлығы осы салада жүрген соң анамның айтуымен бухгалтер мамандығы бойынша оқуға түскенім бар. Қысқасы, үйдегілердің де көңілін қалдырмайын деп сол салада бес жыл еңбек еттім ғой. Кейін түсіне келе есеп-қисап маған арналмағанын түсініп, ішкі істер саласын таңдадым. 

El.kz: Полиция қызметкері болу, соның ішінде  көші-қон қызметінде еңбек ету қиын емес пе? Оның үстіне Келес ауданы шекараға жақын аймақ.

Гүлжан Құралбекова: Иә, біздің Келес ауданы шекаралық аймақ саналады. Жұмыс өте қызу, неше түрлі оқиғалар боп жатады. Жан-дүнием қалап келген сала болғандықтан жұмыс қиын дей алмаймын. Менің функционалды міндетіме Қазақстан Республикасы аумағына көшіп келуші қандастар, шетел азаматтарының тұрғылықты тұруға қалуға құжаттарын жинап өткізу, жеделтетілген түрде және жалпы азаматтарды қабылдау жатады. Құдай қаласа, биыл 17 қыркүйекте көші-қон қызметінде еңбек етіп келе жатқаныма 20 жыл болады. 

(Фото: Гүлжан Құралбекованың жеке мұрағаты)

El.kz: Көші-қоны қызметінде еңбек еткен жылдарыңызда есіңізде қатты сақталып қалған оқиғамен бөлісіңізші...   

Гүлжан Құралбекова: Шыны керек, бізде бір күніміз екінші күнге ұқсамайды. Күн сайын түрлі жайттар болып жатады. Оның бірі есте болса, екіншісін ұмытып кетеміз. Біз негізінде құжатсыз жүргендермен жұмыс істейміз ғой. 60-70 жасқа келгенше Кеңес Үкіметі кезіндегі қызыл паспортпен жүргендер бар. Соларға сот шешімімен туу туралы куәлігін алуына ықпал етіп, жеке басын анықтап, Қазақстан Республикасының азаматтығын алып береміз.

Соның ішінде 2022 жылы болған мына бір оқиға әлі күнге дейін есімде қалып қойыпты. Еуропалық нәсілді 1959 жылы туған ер адам 2001 жылы Өзбекстан Республикасынан Қазақстан аумағына өткен. Құжаттарының барлығы жоғалған. Шардара ауданындағы ауылдардың бірінде қой бағып жүрген. Жасы келіп қалған ол кейін инсульт алып, ешкімге керек болмай қалып, ауыр халде қалып кетеді. Шардараның бергі жағындағы трассаға әлгі кісіні жалдамалы жұмысшы еткендер керек емес зат сияқты тастап кеткен. Инсульт алған соң түсінікті ғой, өздігінен жүре де алмайды. Үсті-басының бәрі жара басып, ойылып кеткен. Туыстары да, ешкімі жоқ. Оны сол жерде тауып алған тұрғындар жедел жәрдем шақырған. Медицина қызметкерлері оны дереу біздің Келес ауданына алып келді. Ол кісі біздегі инсульттен кейінгі адаптациялық орталықта үш ай ем алып жатты. Беті бері қараған соң оны өз еліне қайтару керек қой. Құжаттарын дайындадық. Толық айықпаса да өздігінен отыра алатын халге жеткен болатын. Содан туыстарын анықтап, консулдыққа хабар беріп, Өзбекстан Республикасының жедел жәрдем экипажын шақырдық. Біздің жедел жәрдем қызметіндегілерге өтініш жасап, шекараға дейін шығарып салдық. Сол бір оқиға қатты есімде сақталып қойыпты. 

El.kz: Шетел азаматын жұмыс күші ретінде пайдаланып, өміріне қауіп төніп тұрса да айдалада тастап кеткендер анықталды ма? Олардың үстінен іс қозғалды ма?

Гүлжан Құралбекова: Ол кісі өздігінен жүрмек түгілі тіпті сөйлей де алмайтын. Үш ай ем алған соң тек отыра алатын халге жетті. Іздестіру-анықтау шараларынан кейін ол кісінің туыстары Өзбекстан Республикасының Науаи (Навои) облысы Үшқұдық деген ауданында тұратынын анықтадық. Сол жақтағы әріптестерімізге сұрау хат жіберіп, мекенжайын анықтадық. Туыстарын таптық. Қылмыстық іс қозғалу үшін арызданушы болу керек. Ол кісінің туыстары тарапынан ешқандай арыз жазылмады.

El.kz: Сонда 21 жыл Қазақстан аумағында жүргенде ешбір туысы іздемеген бе? Әлде Өзбекстан елінде жоғалғаны туралы арыз жазылып, іздеу жарияланған ба?

Гүлжан Құралбекова: Жоқ, ешбір туысы, жақыны іздемегендіктен оған іздеу салынбаған.

El.kz: Жүрегіңізге жақын қабылдап, есте қалып қойған тағы қандай оқиғалар бар?

Гүлжан Құралбекова: Былтыр тағы бір мынандай жайт болды. Біздің көшін-қон қызметіне бір келіншек келді. Өзінің отбасы, 3-4 баласы бар.

Айтуынша, пандемия кезінде әкесі қайтыс болған екен. Әкесі қайтыс болардан алдын төсек жатып қалған кезінде келіншекке туу туралы куәлік пен асырап алғаны туралы куәлікті табыстапты. «Мен сені өз қызымдай көрдім. Сен біздің анаң екеуміздің жалғыз қызымыз болдың. Бірақ ана дүниеге кетпес бұрын шындықты айтып кетейін. Осындай жағдай болған... Біз біз сені асырап алғанбыз. Міне, куәлігің. Өзіңнің туған анаңды тап» деп аманаттап кеткен екен. Әлгі келіншек әкесінен сондай сөзді естігенде қатты есеңгіреп, көзінен тоқтамай жас алған. «Әкем бұл туралы айтпай-ақ қойғанда болар еді. Мен ол кісілерді өз ата-анамдай жақсы көрдім ғой» деп еңкілдеп жылап отырды. Шындықты қабылдағысы келмегенімен әкесі қайтыс болардан алдын айтып кеткен аманаты бар, оның үстіне жүрегінде анамды бір көрейінші деген ой маза бермеген. Ақыры шешім қабылдап, «Анамды табуға көмектесіңіздерші» деп  бізге келген. Өзінің биологиялық анасына ешқандай өкпе-реніші жоқтығын, тек танысып, бір қауышсам деген ниеті барын айтты. Біз қолындағы құжаттарын алып, дереу іздеуге көштік. Көп ұзамай анасын таптық. Осы Келес ауданында тұрады екен. Бұрын Өзбекстанда тұрған. Осында оқуға түсуге келіп, меніңше студент болып жүріп босанған. Кейін қандастар болып біздің елге көшіп келген екен. Оның қазіргі тұрғылықты мекенжайын тауып, әлгі келіншекке хабар бердік. Бұл жаңалықты естіген кезде оның жүзіндегі қуанышты көрсеңіз... Маған бір үміт сыйладыңыз деп рахметін айтты. Көп ұзамай анасын іздеп барып, қауышыпты. Сенесіз бе 38 жыл бойы өзінің биологиялық анасы басқа адам екенін білмей келген.

Көші-қон қызметінде жүріп, талай жыл жақынынан көз жазып қалған жандардың қауышуына себеп болып, нәтижесі шыққандайөзің де басқаше әсер аласың. Бойың эмоцияға толып, әрбір күніңе шүкіршілік етесің.

(Фото: Гүлжан Құралбекованың жеке мұрағаты)

El.kz: Сұхбатымызды енді өзіңіздің жеке өміріңізге қарай бағыттасақ. Неше жасыңызда тұрмысқа шықтыңыз? Жолдасыңызбен қалай таныстыңыз? Еліміздің демографиялық дамуына сүбелі үлес қосқан жандардың бірісіз. Қызметпен қатар 8 бала тәрбиесіне қалай үлгересіз?

Гүлжан Құралбекова: 2010 жылы тұрмысқа шықтым, 30 жасымда. Жолдасым ол кезде 36 жаста болатын. Алла қосып, шаңырақ көтердік. Ол кезде өзімнің ата-анам тірі еді. 2014 жылы анам өмірден озды. 2013-те әкем инсульт алып, төсек тартып жатып қалды. Сол кезде әкемді өз қолыма алып, қолымыздан келгенше күйеуім екеуміз қарадық. Аллаға шүкір, күйеуім өте жақсы адам. Адамгершлігі мол, отбасының ұйытқысы. Енем де алтын адам. Бар білгенін үйретіп, бала тәрбиесінде үлкен көмегін тигізіп келеді. Сегіз баламның барлығын сол кісі өзі қарап, қол ұшын аяған емес. Әуелі Алланың, екінші енемнің арқасында шығар баланы дүниеге әкеліп, көп ұзамай жұмысқа шығып кетемін. Сенесіз бе, мен 8 бала босанып, төртінші перзентімді өмірге әкелген соң бір-ақ рет екі жыл декретте отырған екенмін. Қалған балаларымның барлығында 3-4 айдан соң жұмысқа шығып кетіп жүрдім. Әрине, бұл ретте екінші анам – енемнің, жолдасымның қолдауын айтпай кетуге болмас. Әрине, оларға айтар алғысым шексіз.    

El.kz: Демек ата-енеңіздің қолында тұрасыздар ғой?

Гүлжан Құралбекова: Мен келін боп түскенде қайын атам болмады, қайтыс болған. Тұрмысқа шыққалы енемнің қолында тұрып келдік. Бес жылдай қара шаңырақта тұрып, кейін күйеуім екеуміз бөлек үй салып, енемді өз қолымызға алдық.

El.kz: Көпбалалы ана атанып, «Алтын алқа» иегері боламын деген ой болды ма?   

Гүлжан Құралбекова: Өзім екі-ақ ағайынды болып өскендіктен бе өзім өте балажанмын. Алланың берген сегіз баласын өмірге алып келдім. Шүкір, бүгінде алты қыз, екі ұлдың анасымын. Әр баланы Алла өз несібесін жібереді ғой. Балаларымның әрбірін өмірге әкелген сәттегі ерекше сезімді сөзбен жеткізе алмаймын. Меніңше, оны ана атанған әйел ғана сезіне алады деп ойлаймын.

El.kz: Балаларыңыз туралы білгіміз келіп отыр. Жастары нешеде?

Гүлжан Құралбекова: Тұңғышым - қыз бала, есімі – Кәсуар. 2011 жылы 3 қазанда дүниеге келген. Биыл Құдай қаласа, 13 жасқа толады. Бүгінгі таңда еркін күрестен облыс чемпионы. Өткенде Қазақстан чемпионатына қатысып келді. Жүлде алмаса да жақсы ойын көрсетті. Мен ойлаймын, қаршадай  қызым үшін ел чемпионатына қатысудың өзі - үлкен жетістік. Биыл тұңғышымды басқа қаладағы спорт мектебіне берсек деп отырмыз. Одан кейінгі қызым Рәбия 2013 жылғы, үшінші перзентім 2014 жылы дүниеге келді. Ұл бала, есімі Өсербай. Төртіншім 2017 жылғы, есімі Бегім. 2018 жылы Күмісай есімді қызым, 2020 жылы ұлым Азизхан дүниеге келді. Хадиша қызым 2022 жылғы, кенжем Рахима 2023 жылы 2 қарашада дүниеге келді. 

El.kz: Балаларыңызға өте ерекше есімдер берілген екен. Өзіңіз қойдыңыз ба?

Гүлжан Құралбекова: Өзімнің марқұм анам тірі кезінде бір баламның есімін қойды. Басқа балалардың есімдерін күйеуім мен енем, өзім қойдым. Мәселен, ұлдардың үлкенінің есімін жолдасым қайын атамның аты өшпесін деп өзі қойды. Ал екінші ұлым Азизханның, қыздарым Хадиша мен Рахиманың есімін өзім таңдадым.

El.kz: Балаларыңыздың ішінде сіздің жолыңызды қуғысы келетіндер бар ма? Жалпы перзенттеріңіздің полиция қызметкері болуына қарсы емессіз бе?

Гүлжан Құралбекова: Спортқа қатысатын тұңғышым Кәусар әскери қызметкер болғысы келеді. Балаларымның ішінде бесіншісі, қызым Күмісай мен екінші ұлым Азизхан полицей болғысы келеді. Енді олар әзірге кішкентай ғой, қызым 6-ға келсе, ұлым 4 жасқа толады. Бәлкім өсе келе қызығушылықтары өзгерер. Күйеуім екеуміз перзенттеріміз мамандық таңдарда өздеріне таңдау береміз деп отырмыз.

El.kz: Келін болып түскен жұртыңыз, яғни енеңіз, күйеуіңіздің туыстары сіздің полиция қызметкері екеніңізді қалай қабылдады?

Гүлжан Құралбекова: Жолдасымның анасы талай жылдар бойы стамотолог болып жұмыс істеп, сол жақтан зейнеткерлікке шыққан. Жасы 73 жаста болғанымен жас көрінеді. Өте шапшаң, өзіне күтім жасай білетін заманауи әже. Кез келген нәрсені шынайы көзқараспен қабылдайды. Аллаға шүкір, балаларым сол кісінің тәлімді тәрбиесін алып отыр. Мен келін болып түскенде енем де, күйеуімнің туыстары да өте жылы қарсы алды, мақтанышпен қабылдады. Жоғарыда айтып өткенімдей, жолдасым 36 жасқа дейін сүр бойдақ боп жүрді ғой. Мені келін етіп алып келгенде туыстары «Неге осы жасқа дейін үйленбей жүргенін енді түсіндік. Біздің полицей келінді күтіп жүрген екен ғой» деп әзілдейтін.

El.kz: Жолдасыңыз қай сала маманы?

Гүлжан Құралбекова: Күйеуім де енемнің жолын қуып, тіс дәрігері мамандығын алған. Сол салада істеп жүріп, қазір кәсіпкерлік салаға бет бұрды. Бүгінде жеке бизнесі бар.

(Фото: Гүлжан Құралбекованың жеке мұрағаты)

El.kz: Үй шаруасына, бала тәрбиесіне енеңіз қол ұшын бергенімен келін деген атыңыз бар. Біздің оңтүстік өңірінде келіннің міндеті деген ұғым қалыптасқан ғой. Үйдегі шаруаларды тыңғылықты атқару керек. Оның үстіне сіздің мамандығыңыз да оңай емес. Тәуліктің кез келген уақытында дабыл қағып, жұмысқа шақырып алатыны бар. Шеттей баланың тамағын дайындап, киімін түгендеп отыру, үйдегі өзге де жұмыстарды қатар атқару қиын емес пе? Энергияны қайдан аласыз?

Гүлжан Құралбекова: Иә, осы жақында бізге көршілес Сарыағаш ауданында тұрғындар арасында бір текетірес болып, түнгі сағат 1-де дабыл қағылып, бізді шұғыл жұмысқа шақырып алды. Ондай жағдайлар ара-тұра боп тұрады. Бірақ өз жұмысымды, мамандығымды қатты жақсы көргендіктен аса бір қиындық сезбеймін. Шүкір, халықтың алғысын алып жүрген қызметкерлердің бірімін. Ал энергияны білмеймін, барлығы Алланың арқасында ғой. Шыны керек, өзіңе өзің пысық болмасаң, сырттан бөтен біреу келіп қол ұшын бермейді. Оның үстіне қыздарымның алды да есейіп қалды. Үйді жинап, бәрін тап-тинақтай етіп отырады. Енем күнделікті ас-ауқатты әзірлеп қояды. Ал өзім демалыс күндері үйді толықтай қағып-тазалап, балалардың тәтті тамақтарын дайындаймын. Қазақ болған соң келіп-кететін қонақтар тағы бар. Соларды күтіп алып, шығарып салып, келіндік міндетімді атқарып жүрген жайым бар.

El.kz: Айтыңызшы, жұмыста басшылық тарапы көпбалалы ана болғандықтан түсіністікпен қарап жата ма, әлде барлық қызметкерге теңдей көзқараста ма?

Гүлжан Құралбекова: Мен ойлаймын, тек полиция қызметкері емес, кез келген адам жұмысқа келгенде өзіне жүктелген міндетті адал атқаруы қажет. Өзімнің әріптестерім, басшылық құрамы тарапынан, әрине, үлкен қолдау көріп отырамын. Бір қызметте 20 жыл қозғалмай еңбек етуім сол басшылық тараптың түзу көзқарасының, қолдауының арқасы деп ойлаймын.

El.kz: Шыныңызды айтыңызшы, кейде қолды бір сілтеп, осы жұмысты қоя салайыншы деген ойлар болған ба?   

Гүлжан Құралбекова: Жоқ, ондай ой мүлдем болмапты. Өзім саналы түрдетаңдап келген мамандығым. Алла бұйыртса, амандық  болса абыроймен зейнеткерлікке шықсам деген ниетім бар. 2027 жылы бұйыртса зейнеткерлікке шығамын.

El.kz: Қазақ халқы ырымшыл ғой. Әріптестеріңіздің, достарыңыздың арасында сіз секілді көпбалалы ана атанайық деп ырымдап, бұйымтай сұрап жататындар бар ма? 

Гүлжан Құралбекова: Иә, ондайлар бар (күліп). Осы жақында достарымыздың бірінің ұлы шаңырақ көтерген болатын. Ата-анасы ырымдап шақырды. Келіннің аузына түкіріп берсең деп қолқа салды. Аузына түкіретін кішкентай бала емес қой (күліп). Қой, деп қатты ыңғайсыздандым да ырымдап бір затымды берейін дедім. Сондай бір қызық болған. Жұмыс барысында да ондай жағдайлар боп жатады. Қандастар келіп, құжаттарын рәсімдейді ғой. Солардың арасында да ризашылықтарын білдіріп, «Гүлжан апай, сіз сияқты болсын, сіздің жолыңызды берсін» деп қыздарына, немерелеріне Гүлжан есімін қойғандары бар. Әрине, тілегімді айтып, маған ұқсаса жаман болмайды деймін (күліп).

El.kz: «Алын алқа» алға иегері атанып, алқаны мойныңызға таққан кездегі әсеріңізбен бөлісіңізші...

Гүлжан Құралбекова: Мен алдымен 2022 жылы «Күміс алқа» алдым. Шыны керек, оның алдын құжаттарымды тапсыруға жұмыстан шыға алмай, уақытым болмай жүрді. Сөйтіп кеш тапсырдым. Сол кезде әкімшілікке шақырып, арнайы құттықтады. Одан өзге сол кездегі полиция бөлімінің бастығы да 8 наурыз мерекесіне орай арнайы лебізін білдірді. Сол кезде ерекше әсер алдым. «Күміс алқа» алған соң «Алтын алқаға» араға бір жыл салып құжат тапсыру керек екенсің, өзінің заңдылығы сондай екен. Құжаттарымды тапсырып, биыл наурыз айында «Алтын алқа» алдым. Бірақ ол кезде арнайы құттықтап, табыстау болмады. Әкімшілікке күйеуім барып, әкеліп берді. Сенесіз бе, ол алқаны ел-жұртқа мақтанып, сүйінші сұрағаным жоқ. Болмысым қарапайым, мақтану деген маған тән емес.

El.kz: Ал қыздарыңыз қызығып, сұрамады ма?

Гүлжан Құралбекова: Екі үлкен қызым есейіп қалды ғой, қандай алқа екенін біледі. Қолмен ұстап та көрген. Қалған балаларыма көрсетпеппін. Достарым, туыстарым «бізге де жұғысты болсын» деп ырымдап тағып көргендері бар.  

El.kz: Соңғы сұрақты полиция қызметкеріне емес, алтын құрсақты аналардың бірі ретінде қойғым келіп отыр. Қалай ойлайсыз, мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға тиісті деңгейде көңіл бөлініп отыр ма?

Гүлжан Құралбекова: Мен әр балама мемлекет есебінен берілетін жәрдемақының барлығын алып келемін. Әр баламның жөргекпұлын, сонымен қатар «Алтын алқа» иегері болғандықтан берілетін қаржылай көмек тағы бар. Мемлекеттен қолдау берілмесе де баланы өзіміз үшін бағамыз ғой. Осылай көпбалалы аналарға көңіл бөліп отырғаны, әрине, үлкен көмек. Мемлекетке, Президентімізге қолдап, қуаттап отырғаны үшін көпбалалы аналардың атынан алғысымды айтқым келеді.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға