Пластикалық хирургиядағы жаңа тренд: «био-іш киім» жайлы не білеміз?

АҚШ-та пластикалық хирургияның жаңа әдісі танымал бола бастады. Оны «ішкі бюстгалтер» деп атайды. Басты идея – күнделікті іш киімді кимей-ақ, кеудені қолдайтын арнайы торлы материалды дененің ішіне орнату.
Белгілі болғандай, АҚШ әйелдері мұндай іш киімді орнату бойынша жаппай операция жасауда. Бұл биоыдырайтын тор кеудені ұстап, жас ұлғайған сайын босап кетудің алдын алады.
Негізгі материалдар — GalaFLEX торы. Ол бұрын грыжаны емдеуде қолданылған-тын. Ал ADM — адам немесе жануар тіндерінен алынған материал. Ол табиғилығымен ерекшеленеді. Әйткенмен, бағасы қалтадан қағады.
Тор өз тіндерінің өсуін ынталандырып, нәтижесінде 18–24 ай ішінде кеуде бекіп, нығаяды.
Дәрігерлер: «мұндай «апгрейдтен» кейін кеуде гравитацияға «жеңілмейтін» болады»,- деп қалжындайды.
Сонда да хирургтар бұл процедура кәдімгі бюстгалтерден толық бас тарту үшін емес, кеудені тарту немесе үлкейту операцияларынан кейін ұзақ мерзімді қолдау көрсету үшін жасалатынын ескертеді.
Олардың айтуынша, бұл — маммопластиканың бір түрі.
Сыр-сымбатын арттыру үшін осы тектес операцияға жүгінген пациенттердің арасында 70 жастағы әйелдер де бар. Хирург мамандар бұл процедураға деген үлкен қызығушылықты түсіндіре келе, басты мақсат әртүрлі себептермен формасын жоғалтқан кеудені тарту екенін атап өтуде.
Бұл не?
Биоыдырайтын тор — кеуде безінің астына тігіліп, тіндерді ұстап тұратын ерекше медициналық материал. Ол ішкі «қаңқа» ретінде қызмет етіп, жүктемені тең бөлуді қамтамасыз етеді. 18–24 ай ішінде тор біртіндеп еріп, оның орнында қалыптасатын дәнекер тін тұрақты тірекке айналады.
Неліктен танымалдылыққа ие болды?
Мәңгілік жастыққа ұмтылыс әрқашан инновацияға итермелейді. Алайда био-бюстгалтердың практикалық жағы да маңызды: классикалық маммопластикадан кейін уақыт өте келе гравитация әсерінен кеуде формасын жоғалтады. Жаңа технология бұл қажеттіліктен арылтуға уәде етеді.
©Freepik.com
Дәрігерлер не дейді?
Мамандар бұл әдістің тиімді екенін мойындап отыр. Десе де тәуекелдер бар. Реконструктивті хирургия мамандары биоторлар бәріне бірдей сай келе бермейтінін айтады.
«Оларды аутоиммунды аурулары, созылмалы қабынуы бар және келлоидты тыртықтар түзуге бейім адамдарға қолдануға болмайды»,-деп түсіндіреді.
Басқа сарапшылар да алғашқы нәтижелер сәтті болғанымен, ұзақ мерзімді зерттеулер әлі жалғасып жатқанын және технологияның абсолютті қауіпсіздігі туралы айту ерте екенін алға тартады.
Операция алдында нені ескерген жөн?
- Бұл процедура кәдімгі кеуде пластикасының орнына емес, оның нәтижесін ұзақ уақыт сақтап тұру үшін жасалады.
- Мұндай техниканы меңгерген хирург мамандар саусақпен санарлық. Сол себепті маман таңдау — шешуші фактор.
© Freepik.com
Адам денесі — жай ғана механизм емес. Мұндай түбегейлі өзгерістерге бел бумас бұрын, өз-өзіңізге «бұл мені бақытты етеді ме?» деп сұрақ қойыңыз.
Кейде мықты әйел белгісі сыртқы бейнесінде емес, өзі құндылығын түсінуінде екенін ұмытпаған жөн.
