Жаңалықтар

Пияз апта сайын қымбаттап барады - сауда министрлігі

Бүгінгі таңда облыстар 34 мың тонна пиязбен қамтамасыз етілген.
Пияз апта сайын қымбаттап барады - сауда министрлігі
30.07.2022 02:37 2347

Пияздың жоғары өнімділігіне қарамастан, оның ішкі нарықтағы құны өте жоғары. Жыл басынан бері пияз бағасы 109 процентке (2 есе) өсті, бұл соңғы 4 жылдағы ең жоғары өсім, деп хабарлайды EL.KZ. 

Бұл туралы ҚР СИМ ресми өкілі Әлішер Өмірзақ мәлімдеді.

Апта сайынғы өсімі орта есеппен 2-3%-ке жетіп отыр. Республика бойынша пияздың орташа бағасы 191 теңге болса, Алматы облысында пияздың ең жоғары бағасы 308 теңге көлемінде тіркелді. Қазақстанның ішкі нарығында пияздың қымбатуы көршілес нарықта пиязға сұраныстың артуы және экспорттық бағаның жоғары болуымен байланысты. Сондықтан Қазақстаннан көрші нарыққа пияз экспортының көлемі артты - дейді ол.

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 20 шілде күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жөніндегі кеңесте пияз бағасының қалыптасуы қарастырылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне ішкі бағаны қалыптастыру мақсатында нарықтың осы өніммен қамтамасыз етілуіне талдау жасау, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып келісім-шарттар жасау және пиязды аймақтарға жеткізуді ұйымдастыру тапсырылды. Сондай-ақ пиязды экспорттауға тыйым салу немесе шектеу енгізу туралы мәселені сыртқы сауда мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында көтеру туралы айтылды.

Сонымен бірге, бақылаусыз экспортқа жол бермеу мақсатында бұл мәселе ведомствоаралық комиссия отырысында қаралғанға дейін фитосанитарлық рұқсат беруді тоқтату туралы шешім қабылданды. 22 шілде ведомствоаралық комиссияның отырысында және ӘМАТ бойынша кеңесте бүгінгі күні пияз экспортына тыйым салудың орынсыздығы туралы айтылды. Өйткені арнайы жүргізілген талдау ішкі нарықта пияз тапшылығы қаупінің жоқтығын көрсетті. Бүгінгі таңда облыстар 34 мың тонна пиязбен қамтамасыз етілген. Бұл ай сайынғы тұтынудың 132 процентін құрайды. Осыған байланысты фитосанитариялық рұқсаттарды беру қайта жаңғыртылуы тиіс - дейді ресми өкіл.

Сонымен қатар 22 шілдеде ведомствоаралық комиссия отырысынан кейін өңірлермен селекторлық кеңес барысында Ауыл шаруашылығы министрлігіне баға белгілеу кезінде фитосанитарлық рұқсаттар мен лицензиялау арқылы ішкі нарықты әділ бағамен қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеу тағы да тапсырылды. 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен фитосанитарлық рұқсатсыз пиязды экспорттауға тыйым салу туралы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етц және белгіленген тәртіпте жұмысты жалғастыру қажеттігі айтылды. Және АШМ-ге 15 қыркүйекке дейін ӘМАТ санатынан көкөніс өнімдерінің ішкі нарығын қамтамасыз ету тәуекелдеріне талдау жүргізу тапсырылды. Осылайша, бүгінде пияз экспортына тыйым жоқ. - деді ҚР СИМ ресми өкілі Әлішер Өмірзақ.

ҚР СИМ нарықта дүрлікпе тудырмай, түсініктеме алу үшін тікелей орталық мемлекеттік органға жүгінуге шақырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға