Жаңалықтар

Пілдер қатерлі ісікпен не себепті ауырмайды?

Екі тәуелсіз зерттеудің нәтижесі пілдерде қатерлі ісік жасушаларымен күресуге жауапты гендердің қосымша көшірмелері бар екенін және сол себепті де бұл жануардың қатерлі ісікпен ауыруы өте сирек кездесетінін көрсетті.
26.11.2015 11:33 8591

Екі тәуелсіз зерттеудің нәтижесі пілдерде қатерлі ісік жасушаларымен күресуге жауапты гендердің қосымша көшірмелері бар екенін және сол себепті де бұл жануардың қатерлі ісікпен ауыруы өте сирек кездесетінін көрсетті.

Пілдер қатерлі ісікпен не себепті ауырмайды?

1970 жылдары Оксфорд университетінің (Ұлыбритания) эпидемиологы Ричард Пето пілдер не себепті қатерлі ісікпен ауырмайды деген сұрақтың жауабын іздеуге кірісті.

Пето қатерлі ісіктің пайда болуы жиілігі мен жануардың жасының немесе дене өлшемдерінің ешқандай байланысы жоқ екендігін атап өтті. Бұл қорытынды қарама-қайшылық тудырады. Себебі ірі немесе қартайған жануарларда шағын немесе жас жануарларға қарағанда геннің бөліну циклдері әлдеқайда көбірек. Бұдан шығатыны, олардың жасушаларында қатерлі ісікке әкелетін кездейсоқ мутациялар молырақ болуы қажет. Петоның ойынша, бұл парадоксты түсіндірудің бір-ақ жолы бар. Аталған жануарда қартайған сайын гендердің бөліну әсерінен жасушалардың қатерлі ісікке айналуын болдырмайтын бір биологиялық механизм болуы тиіс.   

Жақында жарық көрген зерттеу нәтижелері Пето парадоксының себебін түсіндіргендей болды. Пілдердің геномында p53 (немесе ТР53) генінің 20 көшірмесі бар екені анықталды. Ал адамда және өзге де сүтқоректілерде бұл геннің бір ғана көшірмесі болады екен. 

p53 – жасуша ДНҚ-сы жарақаттанғанда іске қосылатын қатерлі ісіктің өсуін басушы. Мұның нәтижесінде геннен ақуыздың көптеген көшірмелері синтезделе бастайды да, не жарақат жойылады, не жасуша өліп қалады. Бірнеше жыл бойы ғалымдар жасушалардағы ТР53 генінің рөлі туралы білгісі келді. Солт-Лейк-Ситидегі (АҚШ) Юта Штатының университетінде балалар онкологы болып қызмет атқаратын Джошуа Шифман Пето парадоксы туралы алғаш рет үш жыл бұрын эволюцияға арналған конференцияда естіді. Конференцияда Аризона штаты (АҚШ) университетінің эволюциялық биология саласындағы маманы Карло Мэли африкалық пілдің геномынан TP53 генінің бірнеше көшірмесін тапқанын көрсеткен болатын.

Шифман ТР53 геніндегі екі аллельдің біреуі жоқ болатын балаларды емдеуге маманданған. Аллельдердің біреуінің болмауы қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. Мэлидің баяндамасынан кейін ол пілдермен жүргізілген зерттеу нәтижелері  өзінің пациенттеріне сәл де болса көмектесе ала ма деген ойға қалды.

Сөйтіп ол Солт-Лейк-Сити зоосаябағының қызметкерлеріне шығып, олардан піл қанының үлгісін сұрады. Бұл оған сүтқоректілер қанының ақ жасушаларындағы р53 ақуызының функцияларын зерттеу үшін қажет болды. Бұл кезде Мэлидің зерттеу нәтижелері әлі жарияланбаған еді.

Шамамен дәл осы уақытта (2012 жылдың ортасында) Чикаго университетіндегі (Иллинойс штаты) эволюциялық генетика саласының маманы Винсент Линч Пето парадоксы туралы лекцияға дайындалып жатты. Нақтырақ айтқанда, ол аталмыш парадоксты түсіндіретін әдебиеттерді зерттеумен болды. Линч: «Лекция оқымас бұрын мен піл геномында р53 генінің бар-жоғын зерттеп, дәл түстім» – деп айтады.

Шифман мен Линчтің зерттеу топтары бір-біріне тәуелсіз түрде өз зерттеулерін екі түрлі журналда жариялады. Біреуі Американың Медициналық Ассоциациясының журналында (Journal of the American Medical Association), екіншісі bioRxiv.org сайтында жарияланды.

Зоосаябақтаағы 36 сүтқоректіге жасалған аутопсия нәтижесін пайдалана отырып, Шифман жетекшілігіндегі топ жануардың дене өлшемі мен қатерлік ісіктің пайда болуы жиілігі арасында ешқандай байланыс таппады. Сонымен қатар, пілдің жасушалары иондалған сәулеленуден туындайтын ДНҚ-ның зақымдануына өте қатты сезімтал екеніне көз жеткізді. Жануарлардың жасушалары адамдікіне қарағанда ДНҚ зақымдануына жауап ретінде жиі апоптозға ұшырайды.

Шифманның ойынша, піл жасушалары эволюцияланып, зақымданған ДНҚ-ны қалпына келтірудің орнына қатерлі ісікті алғашқы кезеңнен жою үшін өз-өздерін жойып тастайды. Ғалымның айтуынша, бұл – Пето парадоксының керемет түсіндірмесі.

Линч жетекшілігіндегі зерттеу тобы африкалық және азиялық пілдердің терісіндегі жасушалармен жұмыс істей отырып, балама нәтижелерге қол жеткізді.

Ғалымдардың айтуынша, басқа да биологиялық механизмдерді жоққа шығаруға болмайды.

Мәселен, Лондондағы Қатерлі ісікті зерттеу институтының маманы Мел Гривздің пікірінше, ТР53 гені Пето парадоксының жалғыз түсіндірмесі емес. Оның айтуынша, ірі жануарлардың дене өлшемдері ұлғайған сайын олардың инерттілігі арта бастайды және олардың ағзасындағы метаболизм процесі баяуланып, жасушалардың бөліну жылдамдығы да азаяды.  


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға