Жаңалықтар

Пхенчхен-2018 және Оңтүстік Корея

Төрт жылда бір келетін турнирдің алғашқы қызықтары
Пхенчхен-2018 және Оңтүстік Корея
29.01.2018 21:06 6424

Келер айдың 9-жұлдызында өзінің үшінші талпынысынан әрең жеңіп алған Оңтүстік Кореяның Пхенчхен уездінде (Канвондо провинциясындағы уезд) Қысқы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Бұл ойындар туралы не білуіміз керек және жалпы қандай қызықты деректер бар?

Бұған дейін Ақ Олимпиада Азия құрлығы бойынша тек Жапония мемлекетінде өткізілген. Күн шығыс елі 2 рет айтулы турнирді қабылдап үлгеріпті: 1972 жылы Саппоро мен 1998 жылы Нагано. Енді, Оңтүстік Корея Азиядағы қысқы ойындарды қабылдаушы екінші ел атанып отыр.

Сочиде өткен ОЙ-2014-ке қарағанда медальдар жиынтығы 4-ке көбейіп, бірінші рет жүзден асып отыр. Пхенчхенде спортшылар 102 жүлделер жиынтығы үшін барын салады.

Бұл Олимпиада ойындарына жаңа бағдарламалар қосылды. Олар: сноуборд бойынша биг-эйр, конькимен жүгірудегі масс-старт, керлингтегі дабл-микс және тау шаңғысы бойынша командалық жарыс. Ал сноубордтағы параллельді слалом алынып тасталды. Олимпиада комитеті бұл спорттағы жарақат алу қауіптілігін негізге алса керек.

Олимпиада ойындары бірінші рет екі елдің құрамына кіретін, шекарада тұрған провинцияда өткізіледі. Пхенчхен орналасқан Канвон провинциясы 1953 жылғы кәріс соғысынан кейін Оңтүстік пен Солтүстік Кореяға бөлініп кетті.

КХДР-ның Канвон правинциясында, Вонсон қаласынан алыс емес жерден Масик тау шаңғы курорты салынуына орай, Олимпиада ойындарын екі елді бірлікке шақыру мақсатында қос мемлекетте бөліп өткізу идеясы туындаған. Бірақ, бұл идея ақыры қолдаусыз қалды.

Сол секілді Пхенчхен Олимпиадасын жапондықтармен бөлісіп өткізуді ұсынғандар болды. Оған себеп, бұл қалада санно-бобслейлік трассаның болмауы. Ал Жапонияда 1998 жылғы ақ ойындардан қалған осындай спорттық жол бар еді. Бірақ, ұйымдастыру комитеті 2018 жылғы ойындарды бір қалада өткені дұрыс деп шешті.

Оңтүстіккореялық ресми тұлғалардың айтуынша, Олимпиада ойындарына мемлекет 7 миллиард доллар жұмсаған. Мұндай аз қаржының жұмсалуын олар Пхенчхеннің 2010 мен 2014 жылғы Олимпиадалық ойындарды өткізуге ұсыныс берген уақытта көптеген спорттық ареналардың тұрғызылуымен байланыстырып отыр.

2013 жылы Пхенчхенде Арнаулы дүниежүзілік қысқы Олимпиада ойындары өткізілді (ақыл-ойында ақауы бар адамдардың сайысы).

Оңтүстік Корея екі олимпиаданы (қысқы және жазғы) да өткізуге мүмкіндік алған әлемдегі сегізінші мемлекет болып отыр. Олар бұған дейін Сеул қаласында 1988 жылы жазғы ойындарды қабылдаған еді.

Оңтүстік Корея Қысқы Олимпиада ойындарына 1998 жылдан бастап қатысып келеді. Олар өздерінің табысты олимпиадасы ретінде Ванкуверде өткен ойындарды есептейді. Канада жерінде кәрістер ресми емес жүлделер рейтингінде 5-орынға жайғасқан еді. Барлығы 6 алтын, 6 күміс, 2 қола медальді қоржындарына басты. Ал Сочиде өткен ақ ойындарда  Оңт.Корея 3 алтын, 3 күміс, 2 қола медальмен жалпы есепте 13 орында қалды. Олар Ресейдегі турнирге өз наразылықтарын білдіріп кетті, себебі жеке әйелдер мәнерлеп сырғанау спортында ресейлік Аделина Сотникованың алтынын Ким Ен А-ға беруі керек деп есептейді. Екінші орынды місе тұтқан кәріс қызы Ким олимпиададан кейін спорттық мансабын аяқтады. Әділетсіздіктің құрбаны болу спортшыға ауыр тисе керек.

Сочиде өткен ойындарда ресейлік «кәріс» Виктор Ан 4 алтын мен 1 қола жүлдені қанжығаға байлап, Ресей елінің қоржынын майлаған еді. Ол Оңтүстік Корея атынан 2006 жылғы Олимпиадада 3 алтын мен 1 қола алғаннан соң, жарақаттардан көз ашпай, құрамадан өз орнын жоғалтып алған болатын. Ақыры, Ресей атынан сынға түсуге бел байлаған бұрыңғы Ан Хен Су Пхенчхенде де біраз жүлдеге көз тігіп отырғаны анық. Өз туған Отанында Анның жолы болар ма екен?

Өз жерінде өтетін бұл ойындарда Корея бар күш-жігерін салып, барлығы 20 жүлдеге қол жеткіземіз деп отыр. 8 алтын еншілеп, жалпы есепте 4-ші орыннан көрінуді мақсат еткен кәрістердің сүйікті спорты – шорт-трек (ең медаль көп алған спорт түрі). Одан кейін әйелдер арасындағы конькимен жүгіруде де ешкімге жүлде бермейміз дейді. Сәті түссе керлинг, скелетон, биатлон, фристайл мен сноубордтан да медальдарға ауыз салмақ.

Өзінде өтетін Олимпиадада  жалпы есепте үздіктер қатарынан табылу үшін Корея өздері үздік саналмайтын спорт түрлерінде шетелдік спортшыларға азаматтық таратып жатыр. Атап айтар болсақ, ерлер хоккей құрамасына бірнеше канадалық пен американдық екінші сортты ойыншылар келіп қосылды. Сондай-ақ, биатлон спортынан жас норвег Магнус Ким (тегін де өзгертіп үлгерді) Корея елінің атынан шығады. Ал 2012 жылдан бері осы елдің туының астында ресейлік Кирилл Минов та (мәнерлеп сырғанау – мұз үстіндегі би) өнер көрсетеді.

Пхенчхенді Пхеньянмен шатастырып жүрмеңіздер! БҰҰ-ның биоәртүрлілік бойынша конференциясына Оңтүстік Корея қаласына ұшып бару керек болған кениялық Даниэль Оломае Солтүстік Корея астанасынан бірақ шыққан.

Олимпиада ойындарының бойтұмары – Сухоран. Ақ жолбарыс кәріс аңыздарында сенім, күш пен қорғанысты білдіреді. «Sooho» – қорғаушы, «Rang» – «ho-rang-i» «жолбарыс» сөзінің бір бөлігі. 1988 жылы Сеулде өткен жазғы ойындарда да бойтұмар ретінде жолбарыс таңдалған, бірақ, ол – амурлық (Ходори) еді.

Корея еліне Африка құрлығында орналасқан Того, Зимбабве, Уганда және Нигерия елінен спортшылар аттанады. Әзірге, бұл құрлықта қысқы ойындардан бірде бір медаль жоқ.

Арнайы Сеулден Пхенчхенге жету үшін жүрдек пойыз жолы салынды. Оған жалпы – 3,7 млрд доллар жұмсалды. Екі қаланың ортасында 68 минут уақытыңызды өткізесіз.

Олимпиада ойындарының билеті 17$-мен 1300$ аралығында болып отыр. Лотереялық жүйеде, яғни осы жылдың 9 ақпанынан 23 сәуіріне дейін өтінімдер қабылданып, 8 мамыр – лотерея болады, ал 14 мамырға дейін төлем жасауыңыз керек.

Солтүстік Кореяға дейін 80 шақырым. Қарусыздандыру аймағы ені бойынша 4 шақырымға созылып жатыр, екі Кореяны бөліп тұрған аумақта 45 доллар берсеңіз экскурцияға алып барады. Дүрбі арқылы әлем шошып отырған коммунистік елге қарауыңызға болады.

Кәріс ұйымдастырушылары өткен жылы алты жаңа спорттық кешендерді аяқтап, «96% дайын» деген баға алды. Ал жарты жыл бұрын Олимпиада қалашығының құрылысын тәмамдап, тас түйін дайын отыр.

Трансвормер-мұз айдыны. Каннындағы Кенпхо мұз айдыны +15 °С-ға төзе біледі. Бар болғаны үш сағаттың ішінде мәнерлеп сырғанауға керек жұмсақ мұздан (–4 °С), шорт-трекке ыңғайлы жұқа әрі қатты (–7 °С) мұзға айнала алады.

Жалпы, санно-бобслей трассасын ашық аспан астында салады, бірақ кәрістер бірінші рет құрылымын зауытта жүргізіп, содан соң оған жөндеу жұмыстарын жүргізді. Трассаның жалпы ұзындығы – 2018 метрге жетіп отыр. Соңында бұл жазық құламаны Олимпиада ойындарына қолданбайтын болып шықты, ол енді саяхатшылар шанамен сырғанайтын орынға айналады.

Олимпиадалық қалашықтағы тұрғын үйлер өте кішкентай. Бөлмедегі жатын төсектері басы мен соңы қабырғаларға тіреліп, барлық орынды алып тұр. Олимпиада біткен соң, бұл қалашық пәтерге айналдырылып, сатылымға шығады.

Қысқы ойындарға дайындық барысында кәрістер табиғатқа зиян келмес үшін таза өнімдерді қолдануға барынша тырысып бақты. Бірақ, жылдам түсетін трасса дайындау үшін Гаривон тауындағы табиғи қорықтағы 500 жылдық ағаштарды жаппай кесуге тура келді.

Бұл Олимпиаданың ашылу әрі жабылу салтанатына бар-жоғы екі мыңға жуық әртістер қатысатын болды. Ұйымдастырушылар жоғары дамыған технологияларға аса мән беруді дұрыс деп шешіпті. Технологиялар заманындағы жаңа салтанаты кешті көруге асықпыз.

Олимпиадалық алаудың эстафета пішінін халық таңдады: дәстүрлі үйлену кеші секілді өтіп, геолокаторлы факел болады. Ал алау технологиялардың арқасында түрлі ауа райында да сөніп қалмайды екен.

Азиядағы қар еуропалық қардан айырмашылы бар, ол құрғақ әрі тығыз келеді. Тхэбэксан тауына жеткілікті мөлшерде қар түспегендіктен, трассаларға жасанды қар қолдануға тура келіп жатыр. Бұл қарларда жүру қиындық тудыруы мүмкін. Себебі, жергілікті жер өте дымқыл, әрі желмен ұшып келіп жатқан құм қиыршықтары мен кішкентай жәндіктер де кәдімгідей қиындық туғызуы ықтимал.

Пхенчхенде қаңтар айында – қар фестивалі, шілдеде – музыка, тамыз айында – картофель мен тау гүлдері, қыркүйекте – ұлттық мәдени фестиваль, ал қазан айында буддизм мәдениеті бойынша фестивальдер өтеді. Қы мезгілінде іш киіммен марафон өткізіп, қарда автожарыс пен мұз басқан тауларға шығу турнирлері ұйымдастырылады.

Пхенчхенде жаңадан салынған кешендердің ішінде ең көп сынға ұшырап жатқаны – биатлоншылар трассасы.  Әлемдегі ең үздік биатлоншы француз Мартен Фуркад «ату алаңы ашық орналасқан, желдің кесірінен дәл көздеуге мүмкіндік тумауы мүмкін» деп, өзінің көңілі толмағанын білдірді. Ал әйелдер биатлонының үздігі неміс қызы Лаура Дальмайер ату алаңына мін тақпай, «жоғары-төмен түсу жолдары өте қауіпті, бұл трассада жүру аса қиындық тудырады», – деді. Ал американдық спортшы Лоуэлл Бэйли бұл трассаның қайта салынғанына шын жүректен қуанышты екенін жеткізді. Ол: «YouTube желісіне кірсеңіз, осы жолдарда 2008, 2009 жылы болған тарихтағы ең сұмдық спортшының құлаған видеосына тап боласыз, бұл жолдың жаңарғанына шынында қуанышытымын» – деді.

Пхенчхен Олимпиадасына Қазақстанның намысын 62 спортшы қорғайтын болды. Олардың жолына үмітпен қараймыз. Мүмкін кәріс жерінде өтетін оқ ойындар біздің ең табысты қысқы Олимпиадамыз болар?!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға