Петропавлда мемлекет қаржысын жымқырған кәсіпкер сотталды
Петропавл қалалық соты лауазымды тұлғаларға бірнеше рет пара берген, сондай-ақ алдау арқылы біреудің мүлкін иемденген кәсіпкергдің ісін қарады. Сондай-ақ бірнеше лауазымды тұлға пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Петропавл қалалық сотының мәліметінше, бұл істе алты адамға айып тағылған. 2021 жылы 21 сәуірде «Авеон-Север» ЖШС директоры және «КоммунСтройСервис» ЖШС жетекшісі С.В. «Петропавл-Мамлютка» тасжолында автокөліктері кедергісіз жүруі үшін дәнекер З.Р. арқылы көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлеріне пара берген.
2021 жылдың 3 шілдесінде атқарылған жұмысты еш кедергісіз қабылдап алып, ақшаны жедел түрде алуы үшін Мамлют аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маман міндетін атқарушы К.Э-ге 1,5 млн теңге пара берген.
Сондай-ақ Есіл аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы И.К-ға 1 млн теңге параны ұстатқан. Кәсіпкер «Кішкенекөл-Телжан-Мортық-Тілеусай-Қаратерек» КТ-83 жолында жөндеу жүргізіп, жұмысты сапасыз атқарған. Осылайша 30 млн астам теңгені қалтасына басқан.
Бұдан басқа «Авеон-Север» ЖШС және «КоммунСтройСервис» ЖШС-нің есеп шоттарына жолды күрделі жөндеуден және қардан тазартуға қатысты ақша түсуіне мүдделі ол мәселесін шешу үшін пара беретін адам іздеген. К.Д. алдап, біреудің мүлкін иемдену үшін С.В-ден лауазымды тұлғаларға деп 10 млн теңге алған.
Мамлют аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы міндетін атқарған. Кейін бас маман болған К.Э. заңсыз кәсіппен айналысып, жүк тасымалы үшін түрлі жеңілдіктер берген және бір көзден негізсіз келісімшарттарға отырған.
Осылайша А.М. жеке кәсіпкерлігіне негізсіз 840 мың теңге төленген. К.Э. 2021 жылдың 6-21 желтоқсаны аралығында осы бөлімнің бас маманы қызметін атқарып, сыбайлас жемқорлыққа жол берген, яғни өзінің зайыбы айналысатын А.М. жеке кәсіпкерлігінің есеп шотына пара ретінде 4 млн астам теңге аударған.
Сотталғандардың басым бөлігі кінәсін мойындамады немесе жекелей ғана мойнына алды. Петропавл қалалық соты С.В-ның «Кішкенекөл-Телжан-Мортық-Тілеусай-Қаратерек» жолын жөндеу кезінде қалтасына заңсыз басқан ақшаны ерікті түрде қайтарғанын есепке алды. Қалған сотталушылардың кішкентай балаларының болуы олардың жазасын жеңілдетті.
Нәтижесінде сот С.В-ны 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өткереді. Өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. К.Д-ның 3 жыл 6 айға бостандығы шектелді, осы аралықта ол пробациялық бақылауда болады. К.Э. алдағы бес жылын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өткізеді. И.К. пара алғаны үшін 47 млн теңгеге жуық айыппұл төлейді. Ол бұл соманы үкім күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде қайтаруы тиіс.
Ал пара беруде дәнекер болған З.Р. және арандатушылыққа барған А.А Қазақстанның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілігіп, жазадан құтылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.