Петропавл қаласын су басу қаупі бар
Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында онлайн байланысқа шыққан Солтүстік Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Қанат Дүзелбаев мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сергеевка су қоймасының сыйымдылығы 182% құрайды. Есіл өзенінің жайылмасында кептеліс болған жоқ. Су қоймасына аққан су – 425 см. Осыдан үш аудан мен Петропавл қаласын су басу қаупі төніп отыр. Су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Қар жамылғысы 30%-ға дейін жетеді. Әлі де 219 елді мекенді су басу қаупі жоғары, – деді Қанат Дүзелбаев.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары 40 үйдің 13-ін су басып қалғанын, 286 адам эвакуацияланып, 44 адам үйлеріне қайтарылғанын айтты.
Суды сору жұмыстары жүргізілуде (464 мың текше метр). 181 шақырым арық тазартылып, 105,7 шақырым канал кеңейтіліп, тереңдетілді, 80 мың дана құмқап дайындалып, оның 41 мың данасы төселді. Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданындағы елді мекендердің айналасындағы қорғаныс бөгеттері күшейтілуде, – деді Қанат Дүзелбаев.