ПЕРҒАУЫН АҚЫННЫҢ ҚҰПИЯСЫ
Мұса пайғамбар мысырлық па?
Тарих парақтары киелi кiтапта «Тәңiрiнiң таңдауы түскен халық» ретiнде аталатын еврей ұлтына жасалған талай-талай қысастықтарды бiледi. «Тәураттан» белгiлi Мысыр мен Бабыл құлдығы, Рим шапқыншылығы, ХIХ ғасырдағы атышулы «Дрейфус iсi», Ресейдегi «қара жүзiктер», фашистiк Германия және қанқұйлы Холокост, бұл тiзiм осылай созылып кете бередi. Тiптi дүниелерiнен жылылықтың лебi есетiн жүзi жайдары ақсақал Вальтер Скоттың өзi де бұл тақырыпты айналып өте алмапты. Оның әйгiлi «Айвено» романында да орта ғасырларда Ангоияны отарлаған норман серiлерiнiң еврей көпесi мен оның қызына жасаған қиянаттары туралы бiрқыдыру әңгiме болатыны бар.
Иә, еврей тарихын тауқымет пен азап, қайғы-нала мен көз жасынан құралған деуге болады. Бiрақ еврейлер тек өзгелердiң тарапынан ғана қиянат көрдi ме екен/ Өз халқының ұлы тарихын тұтқындардың iшiнде еврей перзенттерi де болмады деп айта аламыз ба? Жоқ, айта алмайды екенбiз. Тарих беттерi ондай оқиғаны да бiлетiн болып шықты. Және бұл оқиғаны еврей тарихы мен дүниетанымына жасалған ең ауыр соққы деуге болатындай.
«Тән жарасы жазылар, жан жарасы жазыла ма?» Бұл сөздi аңсарына қолы жетпеген кез келген мәжнүн мұңлықтың айтатыны мәлiм. Бiрақ мәселө тек махаббатта емес, сенiң ұлтыңның тарихында, сан ғасырлар ұрпақтан-ұрпаққа мұра қылып аялап ұстаған баба дiнiнде, сол дiнмен егiз қозыдай болып бiрге бiте қайнасып кеткен дiлiнде болса ше? Және сол тарихыңның, дiнiң мен дiлiңнiң негiзiн әлдекiм, әлдекiм емес-ау, өз қандасың күйрете жоққа шығарып жатса не болмақ? Және ол бауырың анау-мынау емес, беделiн әлем мойындаған, қайсыбiреулер ХХ ғасырдың пайғамбары деп ұлықтаудан да тайынбайтын ұлы ғалым болса?
Мiне, Гитлер қырғынынан сәл бұрын, екiншi дүниежүзiлiк соғыстың қарсаңында еврей ұлтына жасалған соққы деп дәл осындай мазмұнға ие едi. Сызат-жарақат алдымен тәнге емес, жанға, бәлкiм жүрекке түстi. Және бұл соққыны жасаған өзге емес, еврейдiң өзi, адамтанудағы ең соңғы жетiстiк – психоанализдiң атасы саналатын ұлы ғалым Зигмунд Фрейд болатын.
Сонда адам жанының қалтарыс-бұлтарыстарына үңiлудiң хас шеберi есептелетiн Зигмунд Фрейд «не бүлдiрдi» дейсiз ғой? Бәрiн бүлдiрдi.
Ол ең алдымен «Бiз Құдайдың қалауы түскен халықпыз» деген сан ғасырлардан берi келе жатқан жаралы жанға шипа iспеттi еврейлiк түсiнiктiң быт-шытын шығарды. Иә, иә, Мұса пайғамбарды «еврей қауымынан емес, перғауынның тәрбиесiн көрген тегi жат мысырлық» едi дедi. Қазақтың бiртуар ақыны Жұмекен Нәжiмеденовтiң «Кейбiр елдiң Құдайы да көшiрме» деп келетiн жыр жолдарының расымен де ақиқаттығын дәлелдедi. Әрине, адамзат тарихындағы, ең алғашқы монотеистiк (бiрқұдайшылық) дiн болып саналатын еврей иудаизмiнiң абырой-атағына нұқсан келтiре отырып, Фрейдтiң түсiндiруiнде еврей иудаизмi көне Мысыр (Египет) перғауыны ұстанған, мемлекеттiк дiн ретiнде ендiрмек болып талпынған сенiмнiң жаңаланған, еврей топырағында дамытылған плагиат нұсқасы ғана болып шықты.
Фрейдтiң өсиетi iспеттi ең соңғы «Мұса пайғамбар және бiрқұдайшылық» атты еңбегi (1939 жылы жеке кiтап болып шыққан) осындай оқырманын естен тандырар мәлiмдемелерге толы едi.
Бұл еңбегiнде психоаналитик Фрейд ең алдымен тарихшы һәм тiл маманы ретiнде танылды. Дәлiрегi, оны «өз ойынан ештеңе де шығарған жоқ, өзiне дейiн де әртүрлi ғалымдарды мазалап келген Мұса пайғамбар өмiрiн қатысты күдiктi жаттардың қараңғы түкпiрлерiне жарық түсiруге ғана талпынды» деген дұрыс болар. Сонымен, Мұса пайғамбардың ешқандай да еврей емес, толыққанды мысырлық екенiн дәлелдеу үшiн Фрейд қандай деректер мен дәйектерге жүгiндi дейсiз ғой? Бұл үшiн Фрейдтiң өз еңбегiне үңiлген жөн: «Ең алдымен бiздi Мұса пайғамбардың тұлғасында қызықтыратын нәрсе – оның иврит тiлiнде Моше деп дыбысталатын есiмi. Ендi «Бұл есiм қайдан шыққан, не мағына бiлдiредi?» деген сауалдар қояйық. Өзiмiзге белгiлi болғанындай, бұл сауалдарға Шығудың («Тәураттың» бөлiмi) екiншi тарауында жауап берiледi. Онда Мысыр перғауынының қызы сәбидi Нiл өзенiнiң суына тұншығып өлуден құтқарып тұрып, «Судан алынған», яғни, есiмi Моше болсын дегенi туралы айтылады.
Дегенмен бұл түсiндiрме жеткiлiксiз. Өйткенi, иудей сөздiк қорында бұл сөздiң «тартқылаушы, деп түсiнiлетiн басқалай да нұсқасы бар. Өзара кiрiкпейтiн бұл екi түсiндiрмеге бiз өз тарапымыздан екi бiрдей даулы пiкiр айта аламыз: алдымен, Мысыр перғауынының қызы, әрине. Нiл екендiгi күмәндi судан құтқарып алған сәбиге өз ана тiлiндегi аттарды былай қойып, иудей есiмiн қоюы тiптi де қисынға келмейдi.
Екiншiден, бiраздан берi мамандар тарапынан «Мұса» есiмiнiң шығу төркiнi мысырлық болуы мүмкiн деген пiкiрлер айтылып жүр. Осындай пiкiрлердiң жиынтық нұсқасы ретiнде «Египет тарихы» (1906) деп аталатын классикалық еңбектiң авторы Бристедтiң жақында ғана шыққан «Ұяттың оянуы» (1934) кiтабынан мына үзiндiнi келтiргiм келедi: «Оның, Мұсаның есiмi мысырлық екенiн атап өткен ләзiм. Бұл мысырдың «мос», яғни, «бала» деген сөзi. «Амен-мос», яғни, «Амонның баласы» немесе «Птах-мос», яғни, «Птахтың баласы» деген нұсқалардың түрi...
Кейiннен Мос («бала») деген екiншi түбiрi ғана қалып, айтуға бiршама жеңiлдендiрiлген. Мұсаның әкесiнiң баласының есiмiнiң алдына Амон немесе Птах секiлдi құдайлардың бiрiнiң есiмiн қойғанына ешқандай күмәнiм жоқ...» (Зигмунд Фрейд, «Моисей и монотеизм», интернеттiк нұсқасы, 1-2 беттер).
Осылайша, зерттеуiн алдымен Мұса пайғамбардың есiмiн ежiктеуден бастаған Фрейд мұнымен тоқталып қалмайды. Мұсаның өмiрде шын болған тарихи тұлға екенiн, оның Мысыр перғауыны Аменхотеп IҮ сарайында тәрбиеленген белгiсiз Египет ақсүйегiнiң баласы болуы мүмкiндiгiн тiлге тиек етедi. Тiптi қарадүрсiндеу болса да алғашқы монотеистiк дiннiң негiзiн қалаушы есептелетiн осы перғауынның тiкелей шәкiртi, iзбасары едi деп те салады.
Қысқасы, Фрейд өз еңбегiнде еврей иудаизмiнiң аяғын аспаннан бiр-ақ келтiрген-дi.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»