Жаңалықтар

"Педофилия, зорлық-зомбылық". Асхат Аймағамбетов әйелдер мен балаларды қалай қорғау керегін айтты

"Педофилия, зорлық-зомбылық". Асхат Аймағамбетов әйелдер мен балаларды қалай қорғау керегін айтты
Фото: instagram.com/aimagambetov 15.11.2023 10:41 1192

Мәжіліс депутаттары әйелдер мен балаларды қорғау туралы заң жобасына бастамашы болып, Үкіметке қорытындыға жіберді. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен аптада заң жобасын Әділет министрлігі жанындағы ведомствоаралық комиссияға таныстырдым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жүйелі шараларды қабылдау туралы тапсырмалар берген болатын, - деп жазды депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, Қазақстанда соңғы жылдары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Асхат Аймағамбетов жоғарыда көрсетілген заң жобасында және басқа да заң жобаларында қосымша нормалар ұсынылғанын айтып, тоқталды.

- Отбасы жағдайында ұрып-соғу немесе басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу.

- Әйелдердің денсаулығына жеңіл зиян келтірілсе де қылмыстық жауапкершілікке тарту.

- Жәбірленушінің мәлімдемесін күтпей-ақ, қорқыту немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері орын алған жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарындағы немесе онлайн платформалардағы хабарламалар негізінде уәкілетті органдарға жеке алдын алу шараларын қабылдау құқығын беру.

- Жәбірленуші мен баланы емес, агрессорды үйден шығару. Өкінішке қарай қазір жағдай керісінше болып отыр.

- Өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау, өзін-өзі өлтіруге итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу. «Көк кит» немесе басқа да осы сияқты мысалдар әлі күнге дейін ел есінде.

- Өз-өзіне қол жұмсау фактісі орын алса автоматты түрде қылмыстық іс қозғау. Мұндай фактілердің барлығы тексерілуі тиіс.

- Сотқа отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарға агрессивті мінез-құлықты өзгерту үшін міндетті медициналық психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігін беру.

- отбасы-тұрмыстық қатынастарда ұялы байланыс, электрондық пошта және интернетті пайдалана отырып, бір тұлғаның екінші тұлғаға қысым көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу.
- харассмент үшін жауапкершілікке тарту.

Балаларға қатысты:

- Балаларды жолаушылар көлігінен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салу;

- Көп қабатты үйлерде арнайы құлпы бар терезелерді орнатуды міндеттеу. Бұл балалардың трезеден құлап кетпеуіне жол бермеу үшін қажет.

- Педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру. Басқа баламалы жазаны қабылдамау.

- Бұған дейін педофилия үшін сотталған және өкінішке қарай, бостандыққа шығатындар үшін соттылығы жойылғанына қарамастан өмір бойына әкімшілік қадағалауды енгізу ұсынылады, осылайша олар үнемі құқық қорғау органдарының бақылауында болады.

- Балаларға, ересектерге арналған барлық жабық интернаттық мекемелерге (балалар үйлері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернаттар, қарттар үйлері және т.б.) күтпеген тексеру жүргізу нормасын енгізу;

- Қылмыстың алдын алу үшін оңалту немесе басқа да осыған ұқсас профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін қолайсыз әлеуметтік ортадағы және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдарды ерте анықтау шаралары ұсынылады.

Бұл басталған нормалардың бір бөлігі ғана. Пікірталас көп болады, бірақ әйелдер мен балалар толығымен қорғалуы керек екенін түсіну маңызды. Әрине, бәрін заңмен шешу мүмкін емес, оларды жүзеге асыруда көптеген проблема бар. Біз мұны да назардан тыс қалдырмаймыз. Үкімет бұл ұсыныстарды қолдайды деп сенемін, - деп жазды депутат Асхат Аймағамбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға