Жаңалықтар

Педагогтер еңбек демалысы туралы нені білуі керек

Педагогтер еңбек демалысы туралы нені білуі керек
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 01.06.2023 09:14 2490

Педагогтерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының 2 түрі беріледі: негізгі және қосымша. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес әрбір педагог ұзақтығы күнтізбе бойынша 56 күндік негізгі еңбек демалысын алуға құқылы.

Білім беру ұйымдары көп жағдайларда жеке лауазымдардың (мектепалды сынып тәрбиешісі, музыка жетекшісі, аккомпаниатор, концертмейстер, көркемдік жетекші, хореограф, аудармашы-дактилолог (сурдоаудармашы), вожатый, жастар ісі жөніндегі инспекторы, өндірістік оқыту шебері) педагогтеріне демалыс күндерін қысқартады.

Естеріңізге сала кетейік, аталған лауазымдардың педагогтері стандартты демалыс алуы керек (күнтізбелік 56 күн). Толық емес жұмыс күні бойынша жұмыс істейтін педагогтерге де  осындай күндер беріледі.

Экологиялық қолайсыз аумақтарында және радиациялық қаупі бар аумақтарында тұратын педагогтер үшін қосымша демалыс қарастырылған.

Экологиялық қолайсыз аумақтарда тұратын педагогтер үшін қосымша демалыстың ұзақтығы 7 күннен 12 күнге дейінгі мерзімді құрайды.

Радиациялық қауiптi аумақтарда тұратын педагогтер 5 күннен 14 күнге дейінгі мерзімді құрайтын қосымша демалысқа құқылы.

Мұғалімдердің еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақысын есептеу алгоритмі

Мереке күндер еңбек демалысында есептелмейді. Еңбек демалысын беру кезінде нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады.

Еңбек демалысы орташа күндік жалақыны демалыс күндерінің санына көбейту арқылы есептеледі. Орташа күндік табыс 12 айдағы есептелген жалақы сомасын нақты жұмыс істеген күндер санына бөлу арқылы есептеледі.

Егер мұғалім бір жылдан аз уақыт жұмыс істеген болса, онда орташа күндік жалақыны есептеу үшін нақты жұмыс істеген айлар ғана есепке алынады.

Еңбек демалысын пайдаланбаған немесе оны толық пайдаланбаған мұғалімге өтемақы төленеді. Өтемақыны есептеу үшін орташа күндік табыс пайдаланылмаған демалыс күндерінің санына көбейтіледі.

Еңбек демалысының төлемінен және өтемақыдан салық ұсталады.

Әрбір білім беру ұйымы еңбек демалысының төлемдерін уақытылы  төлеуге жауапты.

Еңбек демалысының төлемі демалыс басталғанға дейінгі 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді.  Егер педагогтың еңбек демалысы  демалыс кестесіне сәйкес келмесе,  оған төлем демалыс берілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей төленуі тиіс.

Еңбек демалысын беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді.

Білім беру ұйымдарының штаттық қызметкерлерінің (директор, әдіскер, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, педагог-ассистент және басқалар) лауазымдық жалақысының мөлшері базалық жалақыны тиісті коэффициентке көбейту арқылы айқындалады.

Пән мұғалімдері үшін нормативтік оқу жүктемесі белгіленеді, сондықтан олардың лауазымдық жалақы мөлшері лауазымдық ақыны нақты оқу жүктемесіне көбейту және шыққан туындыны  апталық нормативтік оқу жүктемесіне бөлу арқылы анықталады. 

Нәтижесінде қосымша ақылар мен үстемеақыларды қамтымайтын жалақының негізгі бөлігі есептелінеді.

Нормативтік жүктемесі бар педагогтерге сауықтыруға арналған жәрдемақының мөлшері олардың еңбек демалысы берілген күнгі нақты оқу жүктемесінен есептеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға