Жаңалықтар

Педагогикалық шеберлік орталығына саяхат

Педагогикалық шеберлік орталығының базасында білім алып жүрген мектеп директорларымен сұхбат.
Педагогикалық шеберлік орталығына саяхат
17.07.2017 12:54 8661

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің алдында екі мақсат бар. Оның бірі – дарынды балаларды тәрбиелеп шығару болса, екіншісі – өздерінің білгендерін әріптестеріне үйрету.

Бүгін біз  Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жанынан Қазақстан педагогтарының біліктілігін арттыру мақсатында құрылған «Педагогикалық шеберлік орталығында» болып, білім алып жүрген мектеп директорлары мен ұстаздарымен сұхбаттасып қайттық.

2011 жылы ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес білім берудің жаңа әдісіне көшу басталды. Осы мақсатта еліміздің жалпы білім беру педагогтарының  біліктіліктерін озық оқыту технологиялары мен әдістері бойынша арттырудың жаңа формасын әзірлеу жүзеге асты.

Оны іске асырушы Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары мектеп директорларының бойында басқару және көшбасшылық, стратегиялық жоспарлау, болжау және реттеу қабілеттерін дамыту, ҚР жалпы білім беру мектептері жетекшілерінің біліктіліктерін арттыру мақсатында Кембридж университетінің мамандарымен бірлесіп жаңа Бағдарлама әзірледі.

Жалпы білім беру мектептері жетекшілерінің біліктіліктерін арттыру Астана қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы базасында, оның Алматы және Орал қалаларындағы бөлімшелерінде жүйелі түрде өткізіліп отырады.

2014-2016 жылдары жартылай кешенді мектептердің 2500-ден астам жетекшісі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы базасында жаңа әдістеме мен технология бойынша білім алды. Қазіргі уақытта жалпы саны 22 000-нан астам мұғалімі біліктілігін ПШО бағдарламасы арқылы арттырып, еліміздегі әрбір бес мұғалімнің біреуі осы орталықтың білімгері.

Бүгін El.kz порталы Педагогикалық шеберлік орталығында білім алып жатқан мектеп директорлары және ұстаздарымен сұхбаттасты.

Жанна Болатбекова

Жезқазған қаласының №3 орта

мектебінің директоры

Вячеслав Журавлев

Рудный қаласының №2 мектеп-гимназиясының директоры

Құлжан Жұмағұлова

Астана қаласының

Дарынды балаларға арналған №9

«Зерде» мектебінің мұғалімі

(Коллажға тінтуірді апару арқылы суреттерді үлкейтіп көре аласыз)

Мұғалімдерді "Педагогикалық шеберлік орталығына" жіберуге тырысамыз

Жанна Болатбекова:

Білім министрлігі әрбір мектепте қандай пәндерден, қанша ұстаз жіберу керектігі туралы ақпарат жібереді. Одан кейін біз ұстаздарды қабілеттеріне, деңгейіне қарай жібереміз. Себебі, білім алып келген мұғалім келгеннен кейін әріптестерін үйреніп келгеніне үйретуі тиіс. Біз 2012 жылы бұл бағдарлама басталғанда «Әлем өзгеруде – біз де өзгереміз» деген ұранын аса түсінбейтін едік. Ал бұл күні, бұл біздің басты ұранымыз. Біз өзгеріп жатқан әлеммен бірге өзгеруіміз керектігін түсінеміз. Өйткені, жаңа стандарттағы оқушыларды дайындап шығаратын тек біз, мұғалімдер екенін жақсы түсінеміз. Бұл күні Педагогикалық шеберлік орталығы бұрыннан өзгеріссіз келе жатқан «үлгілі оқушының» стереотипін бұзып, біздің дүниетанымға үлкен өзгеріс алып келді.

Сондықтан, қазір әрбір мектеп ұстаздарының "Педагогикалық шеберлік орталығына" жіберуге тырысады. Басында әрине біз қорқатынбыз, қалай біз 3 айға бір ұстазымызды оқуға жіберіп қарап отырамыз. "Оның орнына кім сабақ береді?" деп. Ал қазір, бізде ондай ой тіпті бір сәтке де келіп-кетпейді. Орын бар екендігін білсем барлық ұстаздарымды оқытып алғым келеді. Өйткені мен бұл болшаққа салып жатқан үлес екенін жақсы түсінемін. Біз директорлар қазір бизнесмендер сияқтымыз. Өзіміздің ұстаздарымыздың білім алуына мүмкіндік беру арқылы, біз өзіміздің мектебіміздің білім деңгейін, ұжымымыздың абыройын арттырамыз.

Бұрын әр мұғалім өзінің қазанында ғана қайнап жататын болса. Қазір бәрі мүлдем басқаша. Қазір бастауыш сыныптың ұстазы тренинг, коучингтердің арқасында жоғарғы сынып ұстаздарымен тығыз байланыста болады. Соның арқасында біздің оқушыларымыздың да санасы өзгеріп жатқандығын көреміз. Әрине, жаңа өзгерістерді қабылдай алмай жатқан мұғалімдер де бар. Оны  балалардың өздері де сезеді, көреді және маған ол сабақта қызық емес, іш пысады деп ойыларын ашық айтады. Мысалы, бұрын біз сауалнаманы тек жүргізу керек болған үшін жүргізетінбіз. Ал қазір оқушылар мен ата-аналардың арасында сауалнаманы біз өзіміздің кемшіліктерімізді анықтап, деңгейімізді жоғарылату үшін жүргізіп тұрамыз. Оның үстіне бұрын ата-ана тек бақылаушы болған болса, қазір ол біздің әріптес.

"Педагогикалық шеберлік орталығында" білім алған ұстаздар жалақысына қосымша алатын

Жанна Болатбекова:

2017 жылға дейін "Педагогикалық шеберлік орталығында" білім алған ұстаздар жалақысына қосымша алатын. Бірінші деңгей 100 пайыз, екінші деңгей 50 пайыз, үшінші деңгейлі ұстаздар 30 пайыз. Басында біз ұстаздарды қосымша қаражат беру арқылы осы курстарға қызықтыратынбыз. Ал 2016 жылдан бастап 2017 жылы өткізілетін курсқа да ұстаздар жалақысына қосымша ақша қосылмаса да барғысы келіп конкурсқа қатысатын ұстаздардың саны бұрынғыдан көп болмаса, аз емес. Өйткені, олар бұл курстар өздері үшін қажет екенін түсінеді. Себебі, бұл курстардан ұстаз ақшаға сатып алынбайтын білім алады. Бұл оның еңбек нарығында бәсекегеге қабілеттілігін, сұранысын арттыратындығын жақсы түсінеді.

Бұл күні бұл бағдарламадан  өзімді қосқанда 15 маман  өтті. Барлығы ұжымымызда 89 мұғалім бар.

Вячеслав Журавлев:

Менің ұжымымда 60 мұғалім бар. Өзімді қосқанда бұл курстан 16 адам өтті.

Біз өтіп жатқан курстар функционалды сауатты жас ұрпақты тәрбиелеуге негізделген

Құлжан Жұмағұлова:

2013 жылы бірінші деңгейде Кембридж университеті тәжірибесі негізінде курстан өттім. Қазір жаңартылған 7 сыныптарға арналған жаратылыстану бағыты бойынша оқу бағдарламасын оқып жатырмын. 2013 жылы алған теориялық мүмкіндіктерімнің барлығын мектепте практика жүзінде қолдандым. Және өзімнің 5 тәлім алушы жас мұғалімдерім бар. Оларға сабақты қалай жүргізу қажет, оқушы мен оқытушы арасындағы субъектив қарым-қатынас, сабақтың жүйесін қазіргі заман талабына сай қалай өткізу керектігін мен үйреткенмін. Ал енді қазір жаңартылған бағдарламаның негізгі мақсаты оқушыларды өздігінен ойлауға, функционалды сауатты жас ұрпақты тәрбиелеуге негізделген. Бұл маған өте тиімді курс болды. Өйткені, мен 2013 жылы алған өзімнің деңгейлік курсымды әрі қарай дамытып, оқушыға одан әрі тереңдете қалай білім беру керектігі жағын қарастырып жатырмын. Бұл курстарда қазіргі уақытта жастар өте көп. Олар алғашқы деңгейлі курстарды оқымаса да өте алғыр, үш тілді менгерген. Кадрлардың жетіспеушілігін азайту үшін осындай курстарға жастарды көптеп тарту тиімді болар еді деп ойлаймын.

Қазіргі бағалау түрі критериальды бағалаудың өзі қалыптастырушы және жиынтық бағалау деп екіге бөлінеді. Бұрын біз балаларға журналға төрт, бес, үшін қоятынбыз. Ал қалыптастырушы бағалауда тапсырма беріледі, тақырып өтіледі, одан кейін оқушымен кері байланыс жасалады. Кері байланыс деген оқушы тақырыпты меңгерді ме, қай жерін түсінбеді соны ескереміз. Мысалы баланың химия пәніне деген қызығушылығы жоғары болса енді осы тақырыпты дамыту үшін осыны жаса деп біз бағыт бағдар береміз. Және ол қалыптастырушы бағалауда баға қойылмайды. Енді жиынтық бағалауға келген кезде химия дедік пе, біз химияның білімін ескеруіміз керек. Жаңа біз баға қоймаймыз дегенге балалар сабаққа жеңіл-желпі қарамауы керек. Біз ұйымдастырушы мұғалімбіз. Сондықтан біз білімді балаланы психологиялық ахуалын ескере отырып біртіндеп сол тақырып, тарау, пән бойынша жетілдіруіміз керек. Сол кезде соңғы жиынтық бағалауда баланың нақты білімі мен жетістіктері шығады. Ол жетістікті бізден басқа ата-ана да, бала да ол жетістікті ашық көре алады. Себебі, жиынтық бағалаудан кейін мектеп әкімшілігі соның нәтижесінне талқылау жүргізеді. Мәселен, барлық балалардың бағасы бірдей де кейбіреулерінің  төмен болуы мүмкін. Сол кезде соны ата анамен бірге баланы жетістікке жетуі үшін қандай жұмыс жасау керектігін талқылаймыз. Критериальды бағалауды қазір тек Назарбев мектептерінде ғана емес еліміздің барлық меткептеріне енгізіп жатқандығын мен қолдаймын. 

ҰБТ-дан алған балың ең басты көрсеткіш емес

Жанна Болатбекова:

Педагогикалық шеберлік орталығына балаларды функционалды сауаттылыққа үйретудің әдіс-тәсілдерін үйретеді. Мысалы, ҰБТ деген  біліміңді ол саған қажет болса да болмаса да біліп жаттау болса, қазір біз балаларға алған білімін, ақпаратын қолдана алуды үйретеміз. Иә, ҰБТ көрсеткіш, ол оқытушының жұмысының көрсеткіші. Ал, қазіргі мақсатымыз оқушының функционалды сауаттылығын арттыру. Бұнымен қоса біздің бағалау жүйеміз де өзгерді. Бұрынғы бағалау критериальды бағалаумен алмасты. Бұл жүйе ата-аналарды қорқытады. Басында әрине ұстаздарды да қорқытқан. Бірақ, бұл тиімді. Себебі, біз оқу барысында оқушыларды бағаламаймыз. Оны білім алып болғаннан кейін бағалаймыз. Мысалы біздің оқыған кезімізде біз қателесуден қорқушы едік. Бізді оқу барысында бағалайтын. Бүгін оқығанымды бүгін сабақтың соңында сұрайтын. Ал егер мен сабақ барысында бір нәрсені дұрыс түсінбей қалған болып, тақтаға шыққанда дұрыс жауап бере алмасам үштік бағамды алатынмын. Сондықтан, тақтаға шығармасын деп тығылып отыратынбыз. Критериальды бағалаумен сен тақтаға шығып қателессен де саған баға қоймайды, керісінше сені дұрыстап, бағыт пен бағдар беріп жібереді. Соңында тақырып аяқталғанда бағалайды. Бұл осы жүйеге үйреніп қалған біздерді қорқытатын. Ал мектепке енді келіп жатқан балалар бұрынғы бағалау жүйесін білмейді. Олар үшін бұл оңай. Тек бұрынғы жүйеге үйренген 5-7 сынып оқушыларына қиындау. 

Вячеслав Журавлев:

Қазіргі уақытта ҰБТ-ның форматы өзгерді. Сондықтан бұл күні ҰБТдан алған балың ең басты көрсеткіш емес. Біздің ұстаздар ретіндегі басты міндетіміз баланың оқуға, білім алуға деген қызығушылығын арттыра алуымыз керек. Ал баланың қызығушылығын арттыру үшін ұстаздардың өздерінің оқуға, жетістіктерге жетуге деген мотивациясы мықты болуы тиіс. Қазіргі уақытта "Педагогикалық шеберлік орталығы" ұстаздарға көп көмегін тигізіп жатыр. Соның арқасында сабақ беру тәсілі өзгерді. Қазіргі уақытта менің мектебімде жас мұғалімдер мен зейнет жасындағы ұстаздар өте белсенді. Зейнет жасындағы ұстаздар "Біз жас болғанда неге бізге осындай мүмкіндік болмады екен" дейді. Сондықтан, олар жаңа нәрсені білуге, үйренуге өте құштар.

Сұхбаттасқан: А.МАРАТ

Фото: Н.ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға