Жаңалықтар

Пайдалы кеңес: баланы мектепке қалай дайындау керек?

Пайдалы кеңес: баланы мектепке қалай дайындау керек?
Фото: ПІБ 15.08.2023 09:31 3185

Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған ата-аналар баласына қатысты нені білуі керек? Әлбетте, баланың өміріндегі бұл жаңа кезеңге алдын ала дайындық қажет. Жаңа күн тәртібі, сыныптастары мен мұғалімдеріне, мектеп ережелеріне бейімделу балаға оңай соқпасы анық. Осы ретте ПІБ медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының педагог-психологы Марина Полищукова мына бір пайдалы кеңестерді ата-аналардың назарына ұсынады.

Күн тәртібін орнатыңыз

Психологтың сөзінше, белгілі бір күн тәртібі дұрыс әдеттерді қалыптастырады және үй тапсырмасын орындауды жеңілдетеді. Мектепке дайындық кезеңінде бала кешкі 22-ден кешікпей ұйқыға кетуі керек. Ал ұйқының ұзақтығы кем дегенде 9 сағатты құрауы тиіс.

Дұрыс тамақтануын қадағалаңыз

Баланы күштеп тамақтандырмаңыз, жеңіл-желпі тамақтануды доғарыңыз. Ал тәтті нанды пайдалы кептірілген жемістермен ауыстырған дұрыс. Мәзірден қытырлақ картоп, фаст-фуд, дәмдеуіштер мен тәтті газдалған сусынды алып тастаңыз. Күнделікті тамақтануға шырындар, маусымдық көкөністер мен жемістерді қосыңыз.

Сабақ орындайтын орнын дайындаңыз

Оқушы отыратын орын қауіпсіз, дұрыс жарықтандырылған, әрі денсаулыққа ыңғайлы екеніне көз жеткізіңіз.

Артық талап қоймаңыз

Балаға уақытынан бұрын білім беруге тырыспаңыз. Алдын ала оқып-біліп барған баланың қызығушылығы төмендейді, сабақ барысында алаңдай бастайды. Нәтижесінде бала білім алуға қызығушылық танытпайды.

Дұрыс эмоционалды көңіл күй қалыптастырыңыз

Бала қателесуден қорықпауы керек. Егер ондай жағдай бола қалса, ұрыспаңыз. Әйтпесе ол қателесуден қорқып, өзіне деген сенімі төмендейді. Егер қатесін байқасаңыз, баланың назарын оған аударыңыз және түзетуді ұсыныңыз, мақтауды ұмытпаңыз.

Мектепке бейімделу мерзімі шамамен бір жарым айға созылады. Бұл жолда ата-аналар және мұғалім үлкен рөл атқарады, – деп ескертеді Марина Полищукова.

Есіңізде болсын, балаңызды жақсы көріңіз және үнемі қолдап отырыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға