Жаңалықтар

Павлодардағы балабақшада 2 жасар бала соққыға жығылған

Павлодардағы балабақшада 2 жасар бала соққыға жығылған
Фото: Видеодан кадр 19.09.2023 10:00 1500

Павлодарда жекеменшік балабақшаға барған екі жасар баланың беті көгеріп, миы шайқалған. Ата-анасы мекеме қызметкерлері баланы ұрып-соққан болуы мүмкін екенін айтып, шағымданған,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Павлодар тұрғыны Аружан Қасенова бірнеше күн бұрын екі жасар қызы Севараны жекеменшік балабақшаға берген екен. Бірақ балабақшадан қызының беті ісіп, денесі бірнеше жерден көгеріп қайтты дейді. Онымен қоса бүлдіршіннің аяғында да көгерген іздер болған. Тәрбиешілер болса баланың денесіндегі жарақаттарды ұйықтаған кезде дұрыс жатпай қалуымен түсіндірген. 

Балабақшадағы тәрбиеші телефон арқылы қызым нашар ұйықтап, жылағаннан беті қызарып кеткенін айтты. Баланы ешкім ұрмағанын және барлығы жақсы екеніне сендірді. Қызымды алып кетуге барсам, беті ісіп кеткен. Әр жерінде үлкен гематомалар болды. Бірден жедел жәрдем шақыртып, МРТ жасаттық. Дәрігерлер бас-миының шайқалуы деген диагноз қойды, – деді Аружан Қасенова.  

Бұдан кейін ғана балабақша қызметкерлері қыздың құлағанын мойындап, кешірім сұрапты. Бірақ мұнымен келіспеген ана мекеме қызметкерлері баланы ұрып-соқты деп отыр. 

Балабақша басшылығы бұған дейін айтқандарын толығымен жоққа шығарды. Олар қызым төсекке соғылып, құлаған дейді. Бірақ мен сенбеймін. Осыншама гематомалар қайдан болады? Менің қызымды ұрып-соққан. Басынан бөлек, омыртқа және жанбасының жаны көгерген, – деп қосты Аружан Қасенова. 

Оның үстіне балабақшада бейнебақылау камералары да жұмыс істемейді екен. Мекеме басшысы өздерінің еш жазығы жоқ екенін айтып, сұхбат беруден бас тартқан. Ал жәбірленушінің арызы бойынша қазір полиция "Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау" бабымен қылмыстық іс қозғаған. 

Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 141-бабы бойынша мән-жайлар анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – деді Павлодар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Белялова. 

Ал білім басқармасының өкілдері бұған дейін балабақшаға қатысты бір де бір шағым болмағанын айтады. 

Білім беру ұйымының басшысына өз міндеттерін атқармағаны үшін айыппұл салуға әкеп соғады. Осыған сәйкес департаментпен тиісінше шаралар жүргізіледі. Осы кезеңге дейін осы балабақша бойынша шағымдар түскен жоқ, – деп мәлімдеді Павлодар облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ләззат Жақиянова. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға