Жаңалықтар

Павлодарда Алашорда қайраткеріне ескерткіш ашылды

2014 жылғы 19 қыркүйекте Павлодар қаласында қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, педагог-ғалым Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдық мерейтойына орай ескерткіш ашылды.
19.11.2014 11:45 6668
2014 жылғы 19 қыркүйекте Павлодар қаласында қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, педагог-ғалым Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдық мерейтойына орай ескерткіш ашылды.  

Павлодарда Алашорда қайраткеріне ескерткіш ашылды

Алаш зиялысының құрметіне арналған ескерткіш Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының алдында орнатылды.

Мүсіннің биіктігі 3,6 метрді құрайды. Ал тұғымен бірге биіктігі - 7,6 метр. Жүсіпбек Аймауытовтың ескерткіші қоладан құйылған, тұғыры қою қара түсті жылтыр граниттен соғылған. Ескерткіштің авторы - астаналық мүсінші Ермек Тоқтаров. Қала тұрғындары мүсінді көріп, Алаш ардақтысының алып тұлғасын, даралығын көзге елестетеді. Себебі, мүсіншілер бірінші кезекте жазушының бейнесіне мән берген, - деп хабарлады мәдениет басқармасынан.

Қаламгер ескерткіші «Керемет-ПВ» ЖШС-тың, жергілікті іскер кәсіпкерлердің демеушілік көмегі арқасында бой көтерді.

Ескерткіштің ашылуына арналған салтанатты митингте Павлодар облысының әкімі Бозымбаев Қанат Алдабергенұлы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт  вице-министры Асқар Бөрібаев және Жүсіпбек Аймауытовтың немересі Аймауытова Римма Бектұрқызы сөз сөйледі.

Павлодарда Алашорда қайраткеріне ескерткіш ашылды

Павлодар облысының зиялы қауым өкілдері Мәскеу қаласына барып, Жүсіпбек Аймауытовтың жерленген қабыр басына туған елдің топырағын апарып, ол жердің топырағын алып келген болатын. Сол игі шараның жалғасы ретінде әкелген топырақты ескерткіш орнатылған жерге салу рәсімі жасалды.Сонымен қатар, Жүсіпбек Аймауытовтың жерленген жерінің топырағын өзінің туған жері Баянауыл ауданы Қызылтау ауылына апаруға табыс етілді.      

Ескерткіштің салтанатты ашылуынан кейін С.Торайғыров атындағы ПМУ-де республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция модераторы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім конференцияның ашылу сәтінде қазақ әдебиетін дүниежүзілік әдебиет аренасына шығарған, тың жанрларға жол салып кеткен Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларының халқы құнды екенін атап өтті.

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев пленарлық отырыста жерлесіміз Жүсіпбек Аймауытовтың мәдени-тарихи мұралары мен сан қырлы да ерекше шығармашылығын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, конференцияның пленарлық отырысында Жүсіпбек Аймауытовтың немересі Римма Аймауытова,Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, белгілі жазушы, драматург Әкім Тарази, С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серік Өмірбаев, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткері, жазушы Сайлау Байбосын, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Жұматаева баяндамаларын көпшілікке ұсынды.

Жүсіпбек Аймауытовтың құрметіне өткізіліп отырған шара барысында туыстары мен ұрпақтарына, немересі Римма Бектұрқызы Аймауытоваға зор құрмет-сый көрсетілді.

Сонымен қатар, сол 19 қыркүйекте сағат 18.00-де қаламгер есімі берілген облыстық қазақ театры өзінің 25-ші маусымын Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов бейнесі сомдалатын «Ар алдаспаны - Аймауытов» қойылымымен ашылды. Бұл біртуар тұлға - Жүсіпбек Аймауытовтың сахналық бейнесін паш еткен алғашқы пьеса. Қойылым авторы – ҚР Халық әртісі, режиссер-драматург Ерсайын Төлеубай. Пьеса сюжетінде атақты жерлесіміздің Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов пен Әміре Қашаубаевтармен кездескен сәттері де паш етіледі.

«Ар алдаспаны - Аймауытов» спектаклі Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық театрлар фестивалінде көрерменге жол тартқан болатын.

Жазушы мерейтойы туған жері - Баянауыл ауданында да жалғасын тапты. Келесі, 20 қыркүйек күні «Ардақты Алаш азаматы» атты музыкалы-әдеби кеш және ұлттық ат спорт түрлерінен жарыстар Баянауыл ауданы Мойылды алқабында өтті.

Айтулы мерейтойға арнайы келген қонақтар: Ғалым Жайлыбай, Әкім Тарази, Ғарифолла Есім, Әшірбек Сығай, қаламгердің немересі Римма Аймауытова мен Василий Аймауытов және жазушының аталас туған-туыстары, Павлодар облысының зиялы қауым өкілдері.

Павлодарда Алашорда қайраткеріне ескерткіш ашылды


Материалды ұсынған Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға