Павлодарда жаңа туған сәбиін өлтірген әйел 8 жылға бас бостандығынан айырылды
Павлодарда жаңа туған баласын өлтірген әйел 8 жылға сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
№2 соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелдің кінәсі қылмыстық іс материалдары, сараптама қорытындысы және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.
Оқиға 2022 жылдың 28 қазанында болған. Ол жаңа туған ұлын тыныштандырамын деп еденге құлатып алған.
Осыдан кейін ол ашу үстінде қасақана баланың маңдайы мен басының артқы жағына жұдырығымен екі соққы берген. Бала бассүйек-ми жарақаты түріндегі дене жарақатын алған. Ауыр дене жарақатының салдарынан нәресте мерт болды, - деді №2 сотта.
Әйел бала денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру кінәсін мойындамай, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот павлодарлық әйелді 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуге жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.