Жаңалықтар

Павлодардағы университетке ғалым Әлкей Марғұланның есімі беріледі

Павлодардағы университетке ғалым Әлкей Марғұланның есімі беріледі
Фото: gov.kz 20.06.2022 18:15 1049

Білім беру, мәдениет мекемелері, сондай-ақ бірқатар облыстардағы көшелер мен басқа да нысандар жаңа атаулар алады. Мәдениет және спорт министрлігінде өткен отырыста республикалық ономастика комиссиясы тиісті шешімді қабылдады, деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, комиссияның қарауына мемлекеттік органдардан барлығы 182 өтініш келіп түскен, оның ішінде білім және ғылым министрлігінен, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының, сондай–ақ Шымкент қаласының әкімдіктері бар. Сонымен қатар комиссия Павлодар педагогикалық университетіне ғалым Әлкей Марғұланның есімін беру туралы ұсынысты қолдады.

«Қазіргі уақытта ономастика комиссиясы ауқымды да маңызды жұмыстар атқарып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, бұрын жаңа облыстарды атауға, Қапшағай атауын Қонаев деп өзгертуге және т.б. қатысты маңызды шешімдер қабылданған болатын, мұнда қаралған мәселелер жергілікті тұрғындардың пікірін ескеріп, мәслихаттардың шешімімен қабылданады», - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері нысандарды қайта атау туралы ұсынысқа оң қорытынды берді. Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес жұмыстарды жүргізу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға