Жаңалықтар

Павлодарда орманда өмір сүріп келген отбасы табылды

Павлодарда орманда өмір сүріп келген отбасы табылды
Фото: Видеодан кадр 14.05.2024 14:21 1446

Павлодар облысында орманда өмір сүріп келген отбасы анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сегіз адамнан тұратын отбасы отбасы оңалту орталығына орналастырылды. Бұл туралы 31 арна  хабарлады.

Оларды сол маңнан өтіп бара жатқан екі ер адам байқап қалған. Кішкентайлардың жылаған дауысын естіген ер адамдар бірден полицияға хабарлаған. Белгілі болғандай, балалардың ата-анасы Қазақстанға Ресейден осыдан 9 жыл бұрын келген екен. Ер адам ресейлік болса, әйел Украина азаматшасы. Содан бері Павлодар облысында тұрған олардың бір де бір құжаты болмай шыққан. Өздері де ерлі-зайыпты ретінде некеге тұрмаған. 

Олардың айтуларынша, осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрып, жақында ол жерден шығарып тастаған. Кәмелет жасына толмаған 6 баласы бар отбасының орманда қашаннан бері күнелткені белгісіз.

Балалар анасымен бірге облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Бейінді мамандар қарап шықты. Балалардың жағдайы тұрақты, бірақ дәрігерлік бақылау мен күтімді қажет етеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар балалардың туу туралы куәліктерін және ЖСН, сондай-ақ ҚР аумағында уақытша тұруға арналған рұқсат құжаттарын ресімдеуге көмектесіп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға