Жаңалықтар

Павлодарда «Мәшһүр жол» аудио кітабының таныстырылымы өтті

Павлодарда «Мәшһүр жол» аудио кітабының таныстырылымы өтті
Фото: gov.kz 01.04.2023 18:07 1395

Павлодарда «Мәшһүр жол» аудио кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жоба авторы – айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев. Ұлы ойшылдың бай мұрасын насихаттауға бағытталған бірегей бастамаға Павлодар облысының әкімдігі қолдау көрсетті.

Бұл ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, ақын, қазақ мәдениетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына орайластырылды. Онда ғұламаның әңгімелері, өлеңдері, этнографиялық мақалалары, қисса-дастандары, шығармашылық еңбектері мен философиялық толғамдары топтастырылды. Аудио кітапты құрастыру барысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20 томдық шығармалар жинағы пайдаланылған. Қолданушылар ойшылдың кітабын смартфонына жүктеп, онлайн және офлайн режимдерінде тыңдай алады.

Аудиокітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байхан жобаның маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Бүгін қасиетті Ертіс-Баян өңірі үшін маңызды мәдени шараның куәгері болып отырмыз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығы ұлттың тұғыры екені бәрімізге мәлім. Бұл аудиокітап дара тұлғамыздың шығармашылығын дәріптейтін халықтың рухани мұрасы деп білемін», - деді аймақ басшысы.

Шара барысында Мәшһүр Жүсіптің шөбересі Абай Шәрәпиев жоба авторы мен облыс басшылығына ғұлама мұрасының жаңа деңгейде дәріптеліп жатқанына алғысын білдірді.

Жоба авторы Аспанбек Шұғатаевтың айтуынша, аудиокітап Мәшһүр Жүсіптің дүниетаным турасындағы, өмір, ұлт жайлы толғамдарының баршаға қолжетімді, заманауи үлгісін жасау, өнеге-өсиеттерін, халқымыздың рухани байлығына қосқан шығармаларын жас буынға үлгі ету мақсатында жүзеге асырылды.

«Қазір жұртшылықтың кітап оқитын көп уақыты аз. Сондықтан, заман талабына сай, Мәшекеңнің жиырма томдығын қолына алып оқымаса да, құлағымен естісін деген ниетпен аудиокітап ретінде шығардық. Бұл кітапты дайындауға екі айға жуық уақыт жұмсадық. Ғұламаның бай мұрасын толық қамту үшін жылдар керек. Сондықтан, аудиокітапты әлі де толықтырып тұрамыз. Қазақ өзінің кім екенін тану үшін бірінші дәстүрді, сосын Мәшһүрді тануы керек», - деді Аспанбек Шұғатаев. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға