Павлодарда көктемгі қар суына қарсы дайындық пысықталды
Павлодар облысында өңірдің су тасқыны кезеңіне дайындығы талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ТЖ департаментінің басшысы Рустамбек Амрин «Қазгидромет» Павлодар облыстық филиалының деректері бойынша облыстың барлық аумағы 100 пайыз қармен жабылғанын, ал топырақтың күзгі ылғалдылығы 60 пайызға артқанын мәлімдеді. Қардағы судың қоры да нормадан 7 пайызға асып тұр. Былтырғыдан төмен жалғыз ғана көрсеткіш - бұл топырақтың орташа қату тереңдігі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға аз.
Су тасқыны қаупі бар учаскелердің мониторингі үшін Баянауыл ауданына қауіп төндіруі ықтимал деген Қарағанды облысының «Ақжар» және «Қаратоқа» бөгеттерін қамти отырып, Ақтоғай, Баянауыл аудандарына аэровизуалды тексерулер жүргізілді.
Сонымен қатар, көршілес Ақмола және Қарағанды облыстарындағы қардың көлемі былтырғы көрсеткіштен 1,5 есеге артық. Осыған байланысты күштер мен құралдар тобын Ақтоғай және Баянауыл аудандарына жіберу қарастырылған.
Бүгінгі таңда Шүлбі су қоймасындағы судың көлемі 81,5% құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға артық. Осыған байланысты Павлодар және Ақсу қалаларының әкімдіктері қысқа мерзімде нығайту жұмыстарын іске асыру қажет.
Өңірде «Инженерлік жұмыстар жоспары» аясында шамамен 18 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктері салынды және нығайтылды, 4 км-ден астам каналдар мен арықтар жөнделді және салынды, 24 су өткізу құрылыстары орнатылды және ауыстырылды.
Қалалар мен аудандардың әкімдіктері жергілікті бюджет есебінен тасымалданатын 104 мотопомпа, 15 мыңнан астам қапшық, 61 сорғы сатып алды.
«Қазгидромет» РМК филиалының директоры Галина Шпактың ақпараты бойынша ақпанның екінші онкүндігінде жауын-шашын күтіледі, температура нормадан 2 градусқа жоғары. Наурызда ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады.
Павлодар облысы «Жасыл аймаққа» жатқызылғанына қарамастан, дайындығымыз жоғры деңгейде болуы керек. Баянауыл, Май, Павлодар, Ақтоғай аудандары ерекше назарда болады. Аудан әкімдері су басатын тарихи орындарды зерделеп, ауа-райына, су айдындарының толуына мониторинг жүргізіп, халықты және инфрақұрылымды қорғау үшін барлық алдын алу шараларын қабылдауы қажет, - деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов.
Жиналыстың қорытындысы бойынша салалық басқармаларға, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдеріне 20 ақпанға дейін қарды шығару жұмыстарын жүргізу, 1 наурызға дейін «ҚазАвтоЖол» филиалымен бірлесіп жолдардағы су өткізу құбырларын ашу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. ТЖ департаментіне су тасқынына дайындықты барынша бақылауда ұстау тапсырылды.