Жаңалықтар

Павлодарда кәріс халқының астық пен алғыс айту мерекесі тойланды

Павлодарда кәріс халқының астық пен алғыс айту мерекесі тойланды
02.10.2018 05:08 1980

 Павлодарда өткен демалыста облыстық кәріс этномәдени бірлестігінің белсенді қатысушылары Достық үйінде кәріс халқының астық жинау науқанының аяқталуын білдіретін «Чусок» мерекесін атап өтті.

Іс-шара барысында, дәстүр бойынша қыздар барлық қонақтарға мерекеге арнайы күріштен жасалатын «чимпень» дәстүрлі корей жұқа нанынан дәм таттырады. Этномәдени бірлестіктің хореографиялық және вокалдық ансамблдерінің орындауларында ұлттық билер мен әндер орындалды.

Сөйтіп, ұйымдастырушылар мерекенің нағыз бейнесін көрсете алды. Бір жерде балуандар сыйлыққа өгіз аламын деп жеңіс үшін бір-бірімен «ссирым» деп аталатын күреске қатысса, енді бір жерде балалар аспанға батпырауық ұшырып жатты, тағы бір жерде ақсақалдар мен ер адамдар «өмір туралы» әңгімелерін айтып, бойжеткендер болса «нольтвигте» «кім биігірек?!» - деп секіріп, кәріс әйелдерінің ұлттық ойынын ойнады.

Жалпы, «Чху» корей тілінен аударғанда – күзді,  «сок» – кешті білдіреді. Осы мерекеге дейін еңбек сүйгіш адамдармен өсірілген табиғат сыйы әбден пісіп жетіледі. Егер күріш, жидектер мен жемістердің өнімі мол болса, бұл игілік пен береке науқаны үлкен думанға ұласады.

Қазіргі таңда чусок Кореяда, сол секілді ТМД елдеріндегі көптеген мерекелер сияқты біраз өзгеріске ұшырап, қазіргі заман талабына сай өтуде. Бірақ ұйымдастырушылар думан барысында, барлық қонақтарға арнап, ежелгі кәріс елінің бір бейнесін көрсетіп, жиналған қауымды, тым болмасағ бір сәтке, сол кезеңге саяхат жасатып, рухын сезіндірді.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, үй иелері мереке қарсаңында үйдің қабырғаларына келер жылы астық жақсы өнім берсін деген ниетпен астықтан бау байлап іліп қояды екен. Мереке аяқталса да, осы «әшекейлер» шешілмейді – бұл бабалар рухына тағзым болып саналады.

Ай толып, өзінің жарқыраған таңғажайып жарығын төккен кезде, дәстүр бойынша ежелгі Кәріс елінде оған ғибадат етіп, тәтті тағамдарды: чимпень, чальток, сонпхён, күріш шарабын және басқа тағамдарды тарту салты орындалады.

Сондай-ақ, чусок мерекесі кезінде ата-бабалардың зиратына бару салты сақталған. Оны «сонмё» деп атайды. Бейіт басы жинақталып, жаз бойы өскен арамшөптер шабылады. Бұл ата-бабаға деген сый-құрметтің көрінісі.

Чусок мерекесі күні таңертен әр шаңырақта дастархан басында ата-бабалар рухына құрбандық шалу  - «чарэ» рәсімі өткізіледі. Осындай рәсім жылына екі рет жасалады: Соллаль – ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесі және Чусок мерекесі кезінде. Осы күні таңертеңнен бастап жаңа астықтан алынған күріш өнімдері, міндетті түрде күріш арағы – соджа,  тәтті құрма, күнжіт немесе ұсақталған бадана жағылған «сонпхён» күріш наны тағамдардан салттық дастархан жайылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға