Жаңалықтар

Павлодарда чуваш мәдениетінің күні аталып өтті

Павлодарда чуваш мәдениетінің күні аталып өтті
26.06.2018 12:08 2196

Жуырда чуваш мәдениетінің күні аясында Павлодар қаласының орталық саябағында үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бағдарлама Астананың 20 жылдығы мен Павлодар облысының 80 жылдығына арналды. Бұл күні сахна төрінде әннен шашу шашылып, іс-шара конақтарына мерекелік көңіл-күй сыйланды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған жылы өңірімізде мекен еткен чуваштардың саны 2000-ға жуық болатын. Ассамблея Павлодар облысында тұратын чуваштарды бір жанұяның баласындай біріктірді, ал бүгінгі таңда мәдениетін, салт-дәстүрі мен тілін дамытуға септігін тигізуде.

Облыстық чуваш мәдени орталығының алғашқы құрылған күнінен бастап «Сеспель» фольклорлық ансамблі жұмыс істейді. Баяншы Гайнутдин Ташимов ансамблдің көркемдік жетекшісі. Көптеген жылдар бойы ансамбль барлық қалалық және облыстық іс-шараларға қатысып келеді және бірнеше мәрте облыстық Қазақстан халқының мәдениет және өнер фестивальдарының лауреаты атанды.

Чуваш халқы жазғы уақытта «Агатуй», «Щимек», «Уяв» мерекелерін тойлайды. Іс-шара ұйымдастырушылары бұл мерекелердің жоралғылары жөнінде баяндап берді. Сонымен қатар бірлестіктің төрайымы Елена Софронова барша жиналған қауымды мерекемен құттықтай отыра ашық аспан мен аман-саулық тіледі. Ал орталықтың белсенді қатысушылары алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шара шеңберінде көрермендер арасында сұрақтар қойылып, викториналар өткізілді. Бұл ойындар арқасында барлық қонақтар чуваш халқының дәстүрлері туралы көп мағлұмат алды.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға