Жаңалықтар

Павлодарда ауыл тұрғыны 30 млн теңге несиеден аман қалды

Павлодарда ауыл тұрғыны 30 млн теңге несиеден аман қалды
Фото: Polisia.kz 30.03.2025 16:17 431

Павлодар облысында ауыл тұрғынының атына алаяқтар 30 миллион теңге көлемінде несие рәсімдемек болған. Алайда учаскелік инспектордың жедел әрекетінің арқасында бұл оқиға сәтті аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға Алтай ауылында болған. Тұрғынның айтуынша, оның телефонына 1414 нөмірінен SMS келіп, "Қазпоштадан хат келгені" туралы хабар берілген. Артынша оған белгісіз адамдар хабарласып, өздерін пошта қызметкерлері ретінде таныстырып, жеке мәліметтерін толық айтып, хатты курьер арқылы жіберетіндерін жеткізген. Осылайша, әйел адам алаяқтарға SMS арқылы келген кодты айтып берген.

Кейін мен ауылдағы пошташыға хабарластым, оларда курьерлік қызметтің жоқ екенін айтты. Сол сәтте қатты қорқып, бірден учаскелік инспектор Рустам Иманбаевқа жүгіндім, – дейді ауыл тұрғыны.

Рустам Иманбаев жедел әрекет етіп, тұрғынның атына рәсімделген жалпы сомасы 30 миллион теңгені құрайтын несиелерді дер кезінде жойып үлгерген.

Учаскелік инспектордың кәсібилігінің арқасында мен еш зиян шеккен жоқпын. Рустам Нажмиденовичке нақты әрі үйлесімді жұмысы үшін алғысымды білдіремін. Соның арқасында несие рәсімдеуге бағытталған алаяқтық әрекеттердің жолы кесілді, – деп атап өтті Павлодар облысының тұрғыны.

Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға, бейтаныс адамдарға жеке мәліметтер мен SMS-кодтарды бермеуге шақырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға