Павлодарда алимент төлемей жүрген әкенің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Павлодарда полицейлер балаларына алимент төлемеуден жалтарып жүрген әкені ұстады. Оның қарызы 4,5 млн теңгеге жеткен, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Жұбайымен ажырасқан ер адам төрт жылдан бері соттың шешімін елемей келген.
Полиция қызметкерлері 29 жастағы ер адамды ұстап, қарыз сомасын өндіріп алу туралы сот шешімін орындау үшін істі жеке сот орындаушысына тапсырды. Сонымен қатар балаларды асырауға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттемесін орындамағаны үшін ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
2024 жылы облыс полицейлері алимент төлемеген 300-ге жуық адамды анықтаған.
Алимент төлеуден жалтару қаржылық шығындарға ғана емес, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілікке тартылуға әкелуі мүмкін.